Жапонияда билік Олимпиада қарсаңында вакциналауды жеделдетуде

Жапония жазғы Олимпиада ойындарының қарсаңында вакциналау науқанын жандандыруға кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты бүкіл ел бойынша жаппай екпе орталықтары ашылды. Токио мен Осакада күніне мыңдаған адамды егу жоспарланып отыр. Аталған орталықтарда американдық Moderna вакцинасы егіледі. Бұл препарат 21 мамырда мақұлданған. Билік Еуропадан Pfizer препаратының тиісті көлемде жеткізілмеуінің кесірінен екпе шаралары баяулап қалды дегенді айтады. Токио олимпиадасы 23 шілдеде басталуы керек. Алайда сауалнамаға қатысқандардың 80 проценті халықаралық сайыстың болғанын құптамайтынын білдірген.

Мунемицу Уатанабе, Токио тұрғыны:

– Олимпиада басталғанға дейін халықтың 80-90 проценті екпе алса, Жазғы ойындар ойдағыдай өтеді деп сенемін. Тек вакциналау ісін тездету керек. Вакцина салдыру қоғамдық өмірімізге және ел экономикасының жандануына оң әсер етпек.