Азия чемпионаты: боксшыларымыз алғашқы жекпе-жектерін өткізді

Дубайдағы бокстан Азия чемпионатында қазақстандық былғары қолғап шеберлері алғашқы кездесуін өткізді.

Шаршы алаңға шыққан 4 спортшымыздың екеуі қарсыласынан басым түсіп, келесі кезеңге жолдама алды. Атап айтсақ, 64 келіде өнер көрсеткен Закир Сафиуллин ирандық Ашкан Резаиді тізе бүктірді. Сондай-ақ 75 келіде Әбілхан Аманқұл жекпе-жекті өткізбестен жеңімпаз деп танылды. Ол кувейттік Саид Абасс Аль-Бахранимен шеберлік байқасуы тиіс-тін. Алайда қарсыласы жұдырықтасудан бас тартты. Ел үмітін үкілеп барған Махмуд Сабырхан мен Серік Теміржановтарға бұл жолы сәттілік жетіспеді.

Айта кетейік, 31 мамырға дейін жалғасатын додада жігіттермен қатар бұрымдылар да бақ сынайды.