20 млн кімге бұйырады: шымкенттік оқушылар спорттың төрт түрінен бақ сынауда

Миллионды мегаполисте мектеп оқушылары арасында «Шымкент жастар лигасы» жобасы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін шахмат сайысынан бақ сынағандардың арасында үздіктер анықталды. Ширек финалда бақ сынаған 16 команданың жеңімпазын қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы құттықтады.

Ауқымды жоба 1 наурызда басталып, мектеп оқушылары 4 спорт түрінен сынға түскен еді. Бұл сайыстың ерекшелігі сол, әр спорт түрінен жеңімпаздарға демеушілер тарапынан 20 млн, барлығы 80 млн теңге берілмек. Мұндай жағдай бұрын соңды Қазақстанда болмаған. Бұл қаржыны мектеп басшылығы мектептің материалдық-техникалық базасын жаңартуға, спорт алаңдарын салуға жұмсамақ. Әзірге сайыстың екі түрі бойынша жүлдегерлер белгілі.

Алғаш рет өткізілген «Шымкент жастар лигасы» – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту тапсырмасына сәйкес қала әкімдігінің бастамасымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған бірейгей жоба.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

– Жылдың басынан бері әр мектепке пән ретінде енгізгенбіз. Ол мектепке 140 мектеп қатысып отыр. Болашақта мұны тұрақты жастар спорты ретінде, Шымкенттің спорты ретінде қалдырамыз.

Ауқымды шараға спорттың волейбол, футбол, баскетбол және шахмат түрлерінен қаладағы 140 мектепттен барлығы 536 командаға кіл мықтылары жинақталып, өзара бақтарын сынады.

Гүлісхан Нахбаева, гроссмейстер:

- Интелектуалды, дарынды балаларды өсіру. Мектеп оқушылары болғандықтан, мінез-құлықтары қалыптасады. Сондықтан мектеп арасында осындай жастар лигасы, шахматты таңдағанына қатты қуаныштымын.

Мектеп оқушыларының арасындағы шахмат сайысы өте тартысы өтті. Ұпай сандары тең түсті, алайда үздіктер арасынан №1 мектеп-гимназиясы топ жарып жеңімпаз атанды.

Гүлназ Әбілдаева, Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының директоры:

- Бұл жеңіс қиын келді деп айта аламын. Себебі қарсыластарымыздың бәрі де осы жүлдеге лайық. Соңғы секундқа дейін қалай болатынын білген жоқпыз.

Жоба 1 маусым күні қорытындыланып, ІІ және ІІІ-орын жеңімпаздары арнайы алғыс хаттармен марапатталса, спорттың 4 түрінен жеңімпаз атанған әр команда 20 млн теңгенің иегері атанады.

Бұл жоба жаңа оқу жылынан бастап жалғасып, дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов