Бокстан Азия чемпионатында төрт отандасымыз жартылай финалға жолдама алды

Спорт әлемінен сүйінші хабар. Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Әлем чемпионатында Германия командасын жеңіп, үшінші жеңісіне қолжеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сенсациялық жеңіс

Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Әлем чемпионатында Германия командасын 3:2 есебімен жеңді. Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерін тізе бүктіру оңай болмады. Юрий Михайлистің шәкірттері 27-інші минутта алғаш болып шайба соққанымен, немістер Қазақстан қақпасына екі гол салды. Алайда екінші үзілістен кейін біздің жігіттер есепте теңестірді. Ал матч соңында Павел Акользин үшінші шайбаны салып, осылайша, ұлттық құрама топтық кезеңде төртінші орынға көтеріліп, плей-офф кезеңіне жолдама алу мүмкіндігін қайтарды. Латвияда өтіп жатқан байрақты бәсекеде Қазақстан әлі үш ойын өткізеді.

Төрт боксшы жартылай финалда

Дубайдағы бокстан Азия чемпионатында тағы төрт отандасымыз жартылай финалға жолдама алды. Байрақты бәсекенің үшінші күні шаршы алаңға ел құрамасы сапынан бес боксшы шықты. Олардың арасынан төртеуі сыннан сүрінбей өтті. Алдымен 52 келі салмақ санатында Сәкен Бибосынов Шри-Ланка елінің өкілі Ласинду Эранданы жеңді. 69 келіде Абылайхан Жүсіпов, 75 келіде Әбілхан Аманқұл, 91 келіде Қамшыбек Қоңқабаев қарсыласынан басым түсті. Ал 81 келіде өнер көрсеткен Бекзат Нұрдәулетов ирандық Мейсам Гешлагиге есе жіберді. Бұған дейінгі жекпе-жектерде Даниял Сәбит, Василий Левит, қыздар арасында Назым Қызайбай мен Римма Волосенко келесі кезеңге өткені айтылды.  Азия чемпионаты 31 мамырға дейін жалғасады.

«Вильярреал»Еуропа лигасының чемпионы

Европа лигасының биылғы маусым жеңімпазы белгілі болды. Бұл жолы «Вильярреал» командасының асығы алшысынан түсті. Финалдық кезеңде Унаи Эмери шәкірттері пенальтиден тағдыршешті голды соқты. Мачтың негізгі бөлігінде  қарсыластар бір-бірінен айласын асыра алмай, біраз ырғасты. Дегенмен  «Вильярреал» ойыншылары батылдық танытып, алғаш болып есеп ашты. Авторы, шабуылшы Жерар Морено. Алайда қызыл диюлар екінші таймда-ақ оған жауап қайырды. Есеп: 1:1. Қосымша уақытта да ойын бірсыдырғы өрбіді. Тек пенальтиден доп тебу кезінде «Вильярреал» ойыншылары бір ұпаймен басым түсті. Айта кетейік, команда халықаралық турнирде алғаш рет топ жарып отыр.