Қазақстандық теннисшілер халықаралық турнирлердің ширек финалына шықты

Қазақстандық Тимофей Скатов Португалиядағы Оэйраш челленджер турнирінің ширек финалына шықты.

Дүниежүзілік рейтингте 441-орында тұрған 20 жастағы теннисші екінші айналымда әлемнің 316-ракеткасы португалиялық Гонсалу Оливейрамен кездесті. Т.Скатов 1 сағат 16 минутқа созылған матчта 6:3, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Т.Скатов жартылай финалға шығу үшін әлемнің 363-ракеткасы испаниялық Николас Санче-Искердомен таласады, деп хабарлайды ktf.kz.

Тағы бір қазақстандық Александр Недовесов чехиялық Роман Жебавымен бірге жұптық сында Парма (Италия) ATP турнирін жеңіспен бастады. Қазақстандық-чехиялық жұп испаниялықтар Давид Морреро – Давид Вега-Эрнандесті 6:7 (3:7), 6:2, 10:6 есебімен тізе бүктірді. Енді олар ширек финалда осы доданың 1-ракеткалары бельгиялықтар Сандер Жилле – Йоран Флигенмен шеберлік байқасады.