Ауыр атлет Рахат Бекболат Ташкенттегі әлем чемпионатында алтын жеңіп алды

Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан жаһандық жарыста Рахат Бекболат топ жарды.

Отандасымыз жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтыннан алқа тағынды. Қазақстандық спортшы 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Рахат алғашқы сайыста үш мүмкіндікті сәтті пайдаланып, 175 келі зілтемірді ырқына көндірді. Ал екінші жаттығуда қазақстандық спортшы 202 келі көрсеткішті тіркеді. Қоссайыс қорытындысы бойынша 377 келі нәтижеге қол жеткізген Рахат Бекболат жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды.

Рахат Бекболат, ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы:

- Жұлқа көтеруде жақсы көрсеткішке қол жеткіздім. Ал екінші жаттығуда өзімді жайсыз сезіне бастадым. Ауа жетпей жатты. Сол себепті үш мүмкіндіктің тек біреуін сәтті пайдаландым. Жеңімпаз атандым. Бірақ көрсеткішіме риза емеспін. Бұдан ауыр салмақ көтеремін деп жоспарлаған едім.