Түркістан облысы Ағыбет ауылындағы жаттығу залының әбден тозығы жеткен

Түркістан облысы Бәйдібек ауданында жастардың шынығып, спортпен шұғылданатын орыны тапшы. Аядай ғана жаттығу залының іргесі сөгіліп, қабырғасы құлаудың алдында тұр. Ағыбет ауылдық округінде мұнан өзге спорт нысаны жоқ. 

Ауылдағы жалғыз спорттық нысанның сиқы осы. 24 шаршы метрлік орынды жаттығу залы деуге келмейді. Киім ауыстыратын және жуынатын бөлме де қарастырылмаған. Бір ғана боз кілем бар мұнда. Оның өзін жергілікті демеушілер сыйға тартқан.

Еркебұлан Шаярбек, спортшы:

- Бізде өте нашар. Қыстың күні күреспейміз. Өйткені салқын. Жылу жоқ. Қыста күресе алмаймыз. Одан кейін тар. Адам да аз болады. Ешкім күрескісі де келмейді ғой.

Балуандардың жетістігі мен спортқа қызығушы жастарға қарап, көңілің толады. Айтуларынша, «барға қанағат» деп шынығып жүргендеріне талай жылдың жүзі болған. Бірақ қолдаудың жоқтығы қолды байлап отыр дейді олар.

Сейдалы Әуелбеков, Ағыбет ауылының тұрғыны:

- 10 жыл болды Есіркеп Батырдың турнирін өткіздік. Тоғайда өткіздік бірақ, жазды күні өтетін. Соған балдар қатысады. Жүлделі орын алып жатыр бәрі. Одан кейін облыстық, республикалық, халықаралық күреске өтіп жатыр. Бірақ біздің балдардың дайындалатын жері мынау.

Жергілікті билік өкілдері жағдайдың мұндай күйге түсуін қаржы тапшылығымен байланыстырады.

Берік Әжібеков, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы:

- 2020 жылы бұл жерден спорт кешенін салуға құжаттардың бәрін дайындағанбыз. Ол тиісті құрылыс басқармасына, қаржы бөліміне, өзіміздің спорт басқармасына құрылыс жұмыстарын жүргізуге құжаттары ұсынылған. Қазіргі таңда енді облысты күтіп отырмыз.

Бұл спорттық нысан орналасқан жалпы орта мектеп. 30 жылдық тарихы бар білім ордасының да жөндеу көрмегеніне көп болған. Қазіргі қасбеті көңіл көншітпейді.

Бақытжан Жұмаділда, Ағыбет ауылының тұрғыны:

- 1996-1997 жылдары мұның төбесінен су аққан соң сапасыз болғасын ауыл тұрғындары бұзылған баз, қорасын бұзып асарлатып осының төбесін жапқан. Оны жапқан көкелеріміз де бар. Содан кейін бұл жерге ешқандай құрылыс жүргізілмеген.

Тұрғындар бірнеше рет әкімдікке хабарласып, мектепті жөндеуден өткізіп беруді өтінгенін айтады. Бірақ бұл іс те аяқсыз қалды. 

Ақбала Құлымбет, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:

- Былтырғы 2020 жылы аудандық бюджеттен қаржы қаралған. Бірақ кейін осындай карантиндік жағдайға, төтенше жағдайға байланысты ауданда қаржы жетіспеуіне байланысты мәслихаттың шешімімен қаржы қайтадан алынды. Соған байланысты ремонт жасалған жоқ. 

Бәйдібек ауданында барлығы 48 мектеп бар. Олардың ішінде апатты деп танылғаны жоқ. Бірақ тозығы жетіп, қирағалы тұрған білім ордаларын көз көрді. Ал әкімдіктің айтуынша, аудандағы ескі мектептердің мәселесі кезең-кезеңімен шешілмек.

Авторлар: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Ерболат Әбішов