Хоккейден әлем чемпионатында Қазақстан Норвегиядан ұтылды

Хоккейден әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Норвегиядан ұтылып қалды. Есеп: 3:1.

Алғашқы кезеңде қарсыластар бір-бірін шабуылдаумен болды. Осындай сәттердің бірінде қазақстандық команда сапынан Дмитрий Шевченко мергендік танытып, алғашқы голды соқты.

Екінші кезеңде де құрамалардың шабуыл шебінде жиі бой көрсеткені байқалды. 27-минутта норвегиялық Томас Валькве Ольсен көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Ойынның 41-минутында норвегиялық Стефан Эспелан өз құрамасын алға шығарды. Ал 59-минутта оның әріптесі Матис Олимб қорытынды есепті белгіледі. Бүгін топтық кезеңдегі соңғы ойындар өтеді. Оның қорытындысы бойынша плей-офф кезеңіне жолдама алған төрт құрама анықталады. Қазақстан үшін Финляндия-Канада ойыны маңызды. Себебі Финляндия жеңіске жетсе, біздің құрама ширек финалда өнер көрсетуге мүмкіндік алады.