Шымкентте спорттан жастар лигасының үздіктері марапатталды

«Шымкент жастар лигасының» бірінші кезеңі аяқталды. Мектеп оқушылары арасында үш айға созылған ауқымды спорттық сайыстың жеңімпаздарын қала әкімі құттықтады. Жастарды спортқа баулып, салауатты өмір салтын насихаттауға арналған шарада қатысушылар тартысты ойын көрсетті. Олар футбол, волейбол, баскетбол, сонымен бірге шахматтан сынға түсті.

Марапаттау салтанаты балаларды қорғау күні өтті.  140 білім беру ұйымынан 500-ден астам команда жасақталып, 8 мың оқушы бағын сынады. Демеушілердің көмегімен жүлде қоры 80 млн теңге болса, сайыстың әр түрінен үздік атанған  командалар 20 млн теңгеден қаржылай сыйлық алды. Бұл ақша мектептің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға жұмсалады.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

- Біз мына қалалық әкімшілікпен «Қайырымды қала» қоғамдық қорымен бірлесіп, осы жастар лигасын құрдық бірінші рет. Ең бірінші мақсатымыз жастар жеңіске жетіп, әрі қарай Шымкент бұқаралық спортын жаңғыртса дейміз.

135 команда қатысқан футбол лигасының финалдық ойыны да осы күнге белгіленді. №87 Назарбеков атындағы жалпы орта мектебі мен №58 мектептің командалары арасындағы тартыс 1:0 есебімен аяқталды.

Ал баскетбол ойынында №8 М.Х.Дулати атындағы мектеп-гимназиясының командасы ерекшеленді. Оқушылар мектепшілік үйірменің сайыста көп пайдасы тиігенін айтады. Осындай ауқымды шара тұрақты түрде өтіп, дәстүрге айналса екен дейді оқушылар.

Ерлен Ересен, №8 мектеп-гимназиясының оқушысы:

- Бізге бұл жеңіс өте қиын келді деп ойлаймын. Өйткені біз өте көп жұмыс істедік. Тренировка жасадық. Біздің мектепте өзіміздің үйірмеміз бар. Баскетболға 2000 жылдан бері ағаларымыз да қатысқан. Өзімнің қатысып жатқаныма 3-4 жыл болды.

Айта кету керек, «Шымкент жастар лигасы» ел Президентінің бұқаралық спортты дамыту мақсатындағы тапсырмасы аясында, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай қала әкімінің бастамасымен өткізілді. Сайыстың екінші кезеңі қыркүйек пен қараша айларында жоғары және орта арнаулы оқу орындары арасында өтеді.

Авторлар: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов