Байсуфинов шәкірттері Солтүстік Македония құрама командасынан ойсырай ұтылды

Скопьеде Солтүстік Македония құрама командасымен кездесу өткізіп, 0:4 есебімен ойсырай ұтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бас бапкер Талғат Байсуфинов қандай уәж айтты? Кімнің кежегесі кейін тартты деген сауалға тілшіміз Амангелді Сейтханов жауап іздеді.

Аманкелді Сейтханов, тілші:

- Қазақстан футболшылары стадионға келгенде күн шайдай ашық еді. Қандай да бір қауіп төнген жоқ. Тек алаң иелерінің бас бапкері Игорь Ангелосвки ойынға бірден араласатын өз шәкірттерінің есімін атағанда іші қылп ете қалды. Күні бұрын жергіліікті тілшілер Ангеловский Қазақстанға қарсы екінші құрамын қояды. Жүк көтеретін негізгі футболшылары келесі жауапты сынға дайындалады деп айтты. Алайда Горан Пандев пен Элиф Элмас және Эзджан Алиоски тізімде тұрды. Матч аяқталғаннан кейін Игорь Ангеловскийдің баспасөз маслихатын арнайы күтіп, әлгі жел сөздің қайдан шыққанан сұрадық. Әрине, алдымен Солтүстік Македонияның Еуропа біріншілігіне жолдама алуымен құттықтадық.

Игорь Ангеловский, Солтүстік Македония құрамасының бас бапкері:

- Құттықтауыңызға рахмет. Сондай бір сөздің шыққаны рас. Бірақ мен қосалқы құрам деп айтқан жоқпын. Кейбір жігіттерге демалыс береміз деп ойладық. Өйткені үш күн бұрын Словениямен кездестік. Ал, Қазақстанмен ойын бізге әбден керек еді. Себебін білесіздер.

Солтүстік Македония құрлық біріншілігінде Украинамен бір топта. Талғат Байсуфинов шәкірттері Андрей Шевченко командасымен жуырда күш сынасқан. Және сырт алаңда 1:1 есебімен тең түсті. Демек, Қазақстан арқылы Украинаның шамасын бір байқап көруді ойласа керек Ангеловский. Не қорытынды шығарғанын кім білсін. Біз Скопьеде тас-талқан ұтылдық.

Талғат Байсуфинов, Қазақстан құрамасының бас бапкері:

- Әрине, нәтиже бізге ұнамайды. Ал, енді қателіктер дегенде бәрін біз адамға артып қоймаймыз. Пас шықпай қойды. Серікжанға ескерткем, Қуат допқа таласқанда оған жақын жүр деп. Асқатқа да жәрдем беруі тиіс еді. Өйткені доп ортадан өтеді. Қараймыз қазір, сосын ойыншыларға көрсетеміз.

Ойын ойымыздан шықпағаны анық. Жарты сағат тереземіз тең болды. Содан кейін төреші 11 метрлік айып добын белгіледі. Оны Эзджан Алиоски сәтті орындады. Қазақстан қарсы шабуыл ұйымдастырды. Тіпті таразы басын теңестірер ма еді. Егер тайм соңында Серікжан Мұжықов ойыннан қуылмағанда. Екінші таймда Талғат Байсуфинов қақпаны Мұхамеджан Сейсенге күзеттірді. Руслан Валиуллиннің орнына Ғафуржан Сүйінбаев шықты. Иван Тричковски мен Милан Ристовски нәтижені еселеді. Дарко Чурлинов төртінші голды соқты. Бауыржан Байтана ойынға араласқанда жаңа бір леп әкелгендей болып еді. Алайда жауап гол соғудың реті келмеді. Әлібек Қасым да өзінің алғашқы матчын өткізді.

Талғат Байсуфинов, Қазақстан құрамасының бас бапкері:

- Қанша замена жоспарладық, соны түгел шығардық. Жаңа футболшыларға кезек бердік. Олар ойынды сезінді. Раздевалкада айттық. Тоқтамау керек, дайындалу керек, Неге десеңіз, қыркүейкте үш ойын болады.

Шынында да, намыс пен шеберлік сынға түсетін ойындар күзде өтеді. Қазақстан Украинаны қабылдап, кейін Босния мен Финляндияда ойнайды. Қарсыластарының бәрі мықты. Бұл жолы да бірнеше футболшы жарақаттарына байланысты ұлттық құрамаға келе алмады. Талғат Маруаұлы сол себепті жаңа футболшыларды шақыруға мәжбүр болды.

Нұрлан Дайыров, Қазақстан құрамасының ойыншысы:

- Бірінші рет келіп отырмын, көзге бірден көрініп тұр. Намыспен ойнайтын жігіттерді жақсы көреді екен. Соңына дейін ойнайтын жігіттерді қолдайды. Теорияда бір екі ойыннан көрсетті қалай ойнау керек екенін.

Нұрлан секілді ойыншылар намыстың құнын біледі. Жеңіске де ұмтылатындар солар.

Авторы: Аманкелді Сейтханов