Қазақстандық жас теннисші Түркиядағы турнирде жеңімпаз атанды

Қазақстандық Әмір Омарханов Түркияда жасөспірімдер арасындағы Tennis Europe14&U Ahmet Erguden Cup турнирінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Қарағанды теннис мектебінің түлегі финалда түркиялық, осы доданың 2-ракеткасы Хейдар Гокпинармен күш сынасты.

Матч басында брейк жасаған қазақстандық жас теннисші алға кетті. Ол бірінші және екінші сетте де қарсыласынан оқ бойы озық тұрды.

Осылайша, Ә.Омарханов 6:2, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

Ә.Омархановтың жарыстың абсолютті чемпионы атанатындай мүмкіндігі бар. Ол бүгін тағы бір қазақстандық Владимир Киммен бірге жұптық сында турнирдің 1-ракеткалары, ресейлік Максим Власов – түркиялық Керим Йелмазбен финалда бас жүлдені сарапқа салады.

Бүгін осы додада Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина «Үлкен дулыға» турнирлерінің 23 мәрте чемпионы, америкалық Серена Уильямспен ширек финалға шығу үшін таласады.