Елена Рыбакина Серена Уильямсті жеңгеннен кейінгі әсерін бөлісті

Париждегі халықаралық жарыста Елена Рыбакина «Үлкен дулыға» турнирінің 23 дүркін чемпионы америкалық Серена Уильямсті ұтты.

Бұған дейін қазақстандық теннисшілер Уильямстен айласын асыра алмай келген болатын. Оның үстіне, қос спортшы да кордта бір-біріне қарсы алғаш рет ойын өткізіп тұр. Рыбакина матчты қарқынды бастап, 4:1 есебімен суырылып алға шықты. Америкалық спортшы есепті қысқартқанымен, жерлесіміз қайыра брейк жасап, өз мүмкіндігін жібермеді. Тек екінші сетте тәжірибелі қарсыласы таразы басын теңестірді. Есеп 3:3-ке жеткенде қазақстандық теннисші брейк жасап, қайта алға шықты. Бәсеке 1 сағат 18 минутқа созылды. Осылайша Рыбакина спорттық жолында бірінші рет «Ролан Гаррос» турнирінің ширек финалына өтті. Енді ол жартылай финал жолдамасын ресейлік Анастасия Павлюченковамен сарапқа салады.

Елена Рыбакина, қазақстандық теннисші:

– Бүгінгі матчқа көңілім толады. Әрине, кордқа келе жатқанда бәрі бұлай болады деп ойламаппын. Жаттықтырушым екеуміз жоспар құрдық, соны ұстануға тырыстым. Және ол өз нәтижесін берді. Көбін менің эмоциям қызықтырды. Әдетте мен ішкі сезімді көрсетпеуге тырысамын, бірақ, шынымды айтсам, толқып тұрмын. Негізі өте байсалды адаммын.