Қазақстандық спортшы Әлем кубогында күміс жүлдегер атанды

Қазақстандық спортшы Малика Мұхтарова пара биден Италияда өткен Әлем кубогында күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бірақ, шынымды айтсам, өз қойылымыма 100 процент көңілім толған жоқ. Бұл карантиннен кейінгі алғашқы халықаралық жарыс, сондықтан бәрі әлі алда. Жарыста күтпеген жағдайлар болды, мысалы, жұрт алдына шығар алдында көйлегімнің белбеуі жыртылып қалды. Оны паркетке шығар алдында ғана тікті. Арбам да сынып қала жаздады. Бірақ біздің құрамамызға ешнәрсе кедергі келтіре алмайды», – деп бөлісті Малика.

Бәсеке Генуя қаласында өтті. Онда Қазақстан намысын 4 спортшы қорғады. Әлем кубогы 2022 жылы Кореяда өтетін әлем чемпионатына тікелей іріктеу болып саналады. Жарысқа әлемнің 12 елінен 300-ден астам спортшы қатысты.

Айта кетейік, төрешілер бригадасына Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, елордалық пара би мектебінің жаттықтырушысы Әлия Майданқызы шақырылды. Іріктеу Ұлттық паралимпиада комитетінің шешімімен және жеке комиссияның шешімімен өтті.