Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина жартылай финалға өте алмады

Еліміздің бірінші, әлемнің 22-ші ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Париждегі Гаррос турнирінің жартылай финалына өте алмады.

Ол ширек финалда әлемнің 32-ші ракеткасы, ресейлік Анастасия Павлюченковамен кездесті. Қарсыластар бірге жаттығып, жұптық сында өнер көрсетіп жүргендіктен, бір-бірінің сырын жақсы біледі. Дегенмен жекелей сында бұған дейін кездеспеген. Елена 21-де болса, 29 жастағы Анастасия бұдан 10 жыл бұрын Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына дейін жеткен еді. Сонымен бірінші партияда қазақстандық теннисші 3:1 есебімен алға шыққанымен, қарсыласы уақыт оздырмай таразы басын теңестірді. Есеп 4:4. Тай-брейкте Елена Рыбакина басым болды. Есесіне екінші сетте Анастасия Павлюченкова 6:2 есебімен есе қайтарды. Үшінші, шешуші партияда Елена Рыбакина брейк жасап, 3:2 есебімен алға шыққанымен, Павлюченкова да есеппен қуып жетті. Нәтиже 3:3. Есеп 7:8 болған сәтте доп берген Елена қателік жіберді. Кездесу 7:9-бен аяқталды. Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 33 минутқа созылды. Енді ресейлік спортшы финалға шығу үшін дүниежүзілік рейтингте 85-орында тұрған словениялық Тамара Зиданшекпен сынға түседі. Ал, Елена Рыбакина мен Анастасия Павлюченкова жұптық сында жартылай финалға шығу үшін Польша өкілі Магда Линетт – америкалық Бернарда Перамен өзара мықтыны анықтайды.

АРМАН ОСПАНОВТЫҢ ЖЕКПЕ-ЖЕГІ ҚАШАН ӨТЕДІ?

Маусымның он бірі таңда қазақстандық файтер Арман Оспанов АҚШ-тың Нью-Джерси штатында америкалық промоушнде өзінің дебюдтік жекпе-жегін өткізеді. Оның қарсыласы жергілікті Крис Уэйд. Бұл PFL 4 турниріндегі бірінші кездесу болмақ. Жекпе-жек елорда уақытымен түнгі үште басталады.

АҚТАУДА «РАЛЛИ-2021» БАСТАЛДЫ

Маңғыстауда «Ралли Қазақстан-2021» әлем кубогының 3-кезеңі басталды. Байрақты бәсекеге әлемнің 33 елінен 100-ден астам автошабандоз қатысады. 5 күн бойы спортшылар Т-1, Т-2, Т-3, Т-4 және мото санаттары бойынша 2400 шақырымды еңсереді. Оның ішінде 5 арнайы жылдам учаскесіні бағындыру керек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы жарыстың ерекшелігі, алғаш рет мотоцикл және квадрациклді тізгіндеушілер келген. Ралли осыған дейін Португалия мен Испанияда өтті. Әрі қарай Ресей мен Сауд Арабиясында қортындыланады. Жалпы, Катар, АҚШ, Аргентина, Чили және Еуропадан келген 41 экипаж және 18 мотоспортшы жарысқа сақадай сай. 

Рафал Сонник, жарысқа қатысушы (Польша):

– Пандемиядан кейін енді ұйымдастырылмайтын шығар деп уайымдадым, Сондықтан биылғы жарысқа ерекше дайындықпен келдім. Мен 22 жыл бойы мотоспортпен айналысып келемін. Осыған дейін 44 Әлем кубогына қатысып, 13 рет жеңіс тұғырынан көріндім. Қазақстанға алғаш рет келуім, қатты ұнады. Ең алдымен, адамдары бауырмал, қонақжай. Өзімді үйде жүргендей сезіндім. Каспий теңізі мен ойлы-қырлы табиғаты баурап алды.

Дмитрий Махеня, «Ралли Қазақстан» жарысын ұйымдастырушы:

– Биыл былтырғы бағытты 90%-ке өзгерттік. Маңғыстау өзіндік климатымен ландшафты автоспорт жарыстарын өткізуге, ерекше бағдарлар дайындауға өте ыңғайлы. Құмды, ойлы-қырлы табиғатымен жыл сайын қатысушылар арасында танымалдыққа ие. Себебі бір күнде барлығын көруге болады. Старт Шетпе ауылынан басталады. Спортшылар Ақтау, Кендірлі, Жаңаөзен, Форт-Шевченко аумағымен жүріп өтеді. Арнайы қорғалған аймақтарға кірмейміз, айналып өтеді.

«АСТАНА» КАПИТАНЫ «ШВЕЙЦАРИЯ ТУРЫНДА» ТОП-10-ҒА ЖАҚЫНДАДЫ

«Астана» капитаны Якоб Фульсанг Швейцария турында жақсы нәтиже көрсетті. Даниялық велошабандоз мықтылар тізімінде 13-тен 11-ші сатыға көтерілді. Жарыстың үшінші кезеңінде Фульсанг мәреге 20-шы болып келді. Қазақстандық командада үздік нәтижені Омар Фраиле көрсетті. Испандық мәреге сегізінші болып жетті. Ал қазақстандық Евгений Гидич 130-шы болып келді.

Атап өтейік, көпкүндік дода сегіз кезеңнен тұрады. Жарыс маусымның 13-іне дейін жалғаспақ.