Алина Әділханова көркем гимнастикадан Азия чемпионы атанды

Ұлттық Олимпиада комитеті мәлім еткендей, ол Азия чемпионатында ұршық жаттығуы бойынша 24 ұпайды еншіледі.

Ал Өзбекстан өкілі Тахмина Икрамова екінші орыннан көрінсе, қытайлық Ятинг Жао үздік үштікті қорытындылады. Сондай-ақ қазақстандық тағы бір гимнаст Адиля Тілекенова қола медаль жеңіп алды. Ол лентамен жаттығуда жүлдеге ие болды. Айта кетейік, бұған дейін Алина Әділханова қос «күміс медаль» иеленген болатын. Көркем гимнастикадан Азия чемпионаты Ташкентте өтіп жатыр.

ТАЕКВОНДОДАДАН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНДА ЕЛ НАМЫСЫН КІМДЕР ҚОРҒАЙДЫ?

Таеквондодадан Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы белгілі болды. Ұлттық команданың аға жаттықтырушысы Батырбек Есдәулетов спортшылар қалай іріктелгенін және дайындық барысын баяндады. Ливан астанасы Бейрутта 16-18 маусым аралығында WT таеквондодан Азия чемпионаты өтеді. Сонымен құрлықтық чемпионатқа ел құрамасынан келесі спортшылар қатысады. Ерлерден Самат Темірхан, Елдос Ысқақ, Әділет Базарбаев, Диас Құрманғазы, Әбдусамат Лес, Рақым Әділханов, Смайыл Дүйсебай, Бауыржан Хасенов. Ал қыздардан чемпионатқа Айдана Құмартаева, Ботагөз Қапанова, Кәмила Аймұқашева, Жазира Исина, Нұрай Құсайынова, Джансель Дениз және Ақсәуле Ерқасымова аттанады. Құрам биыл Талдықорғанда өткен Қазақстан чемпионатының нәтижесі бойынша таңдалған. Қазір таеквондошылардың көпшілігі оқу-жаттығу жиынында.

 ВЕЛОСИПЕДПЕН НҰР-СҰЛТАННАН ТАЛДЫҚОРҒАНҒА

Алмат Балтабеков есімді азамат Нұр-Сұлтан қаласынан Талдықорғанға велосипедпен барды. Мамырдың жетісінде жолға шыққан ол жеті облыстың аумағымен жүріп өткен. Сапарын «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» мерейтойына арнаған азаматты Алматы облысының орталығында велошабандоздар күтіп алды. Ал көпшілікпен кездесуде ол елорда жастары табыстаған Тәуелсіздік монументін жетісулықтарға табыс етті. Және жиналғандарға үш мың шақырымды қалай еңсергенін айтып берді. Басына түскен қиындықтар мен төнген қауіп-қатерлер туралы әңгімеледі. Ішкі туризмді насихаттау мақсатындағы саяхат «Тәуелсіздік ұрпақтары» жалпыұлттық жобасы аясында жүзеге асты. Алмат Балтабеков сапарын таспаға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп отырған. Сол арқылы жұртшылықтың қолдауына бөленген. Жергілікті тұрғындармен сұхбаттасқан ол халқымыздың салт- дәстүрінің сақталғанына көз жеткізгенін айтады.

Алмат Балтабеков, саяхатшы:

– Қазақтың қонақжайлығы, қазақилығы әлі күнге дейін сақталған. Мен палаткамды мешіттің қасына не әкімдіктің жанына тігіп қонайын деп жатсам, елдер «не істеп жатырсың» дейді. Маған су әкеліп берсеңіздер болды.Керек жоқ десем», «Сен қазақсың ғой. Құтты қонақ, Құдайы қонақсың» деп үйіне алып кетеді.

«АСТАНА» КОМАНДАСЫНЫҢ ВЕЛОШАБАНДОЗЫ ТОП-10-ҒА КІРДІ

«Астана» капитаны Якоб Фульсанг Швейцария турында топ-10-нан шығып қалды. Ол төртінші кезеңнің қорытындысы бойынша 11-ден 12-ші орынға түсті. Командамызда Омар Фраиле жақсы нәтиже көрсетті. Испандық мәреге жетінші болып келіп, топ-10-ға кірді.

Атап өтейін, көпкүндік дода сегіз кезеңнен тұрады. Жарыс маусымның 13-інде аяқталады.