Ташкентте қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионаты аяқталды

Жарысқа әлемнің 30-дан астам елінен 200-ден аса спортшы қатысты. Қазақстандықтар сәтті сайысып, жалпыкомандалық үшінші орынға ие болды. Әскери спортшылар ұлттық құрама қоржынын бес медальмен толықтырды.

Еліміздің Қарулы Күштері екі алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алды. 55 келіге дейінгі дәрежеде капитан Сағын Қазбек пен абсолюттік салмақта сынға түскен ефрейтор Сара Рахмонова әлем чемпиондары атанды. Күміс 75 келіге дейінгі салмақта кіші сержант Мереке Жүнісоваға, қола жүлделер 50 келіге дейінгі салмақта ефрейтор Аян Тұрсынға және 70 келіге дейін Талшын Жұматаеваға бұйырды.

Сағын Қазбек, капитан, ҚР ҚМ СК-ОСК спортшысы:

- Қазақстан бұл әлем чемпионатында өте жоғары деңгей көрсетті. Бұл менің қоян-қолтық ұрыстан үшінші жекпе-жегім болатын. Жеңіске жетіп, еңбек сіңірген спорт шеберінің нормативін орындадым.

Қазақстан әскерінің сәтті сайыс көрсетуі кездейсоқ емес. Қарулы Күштерде қоян-қолтық ұрысты дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Спорттың бұл түрі әскерде қолданылуымен маңызды. Ол қажетті шымырлықты, бастапқы дағдыларды және жақыннан ұрысу техникасын қалыптастырып ғана қоймай, ерік-жігерді жанып, кез келген жағдайда жеңіске жетуге деген ұмтылысты шыңдайды.

Қоян-қолтық ұрыс дене шынықтыру бағдарламасына енгізілген. Айтпақшы, Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев та қоян-қолтық ұрыстан КСРО спорт шебері, Бүкілқазақстандық қауымдастықтың төрағасы. Бүгінде бүкіл әскери қызметші қоян-қолтық ұрыспен ұдайы айналысуы үшін барлық гарнизонда қажетті жағдайлар жасалған. Өңірлік және бүкілармиялық жарыстар тұрақты өткізіліп тұрады.

Автор: Гүлзия Нақыпқызы