Атыраулық бапкер әлем чемпионатында жүлдегер атанды

Атыраулық бапкер Хайдар Есенғалиев әлем чемпионатының жүлдегері атанды,– деп хабарлады ҚазАқпарат.

Облыстық Спорт және дене шынықтыру басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, 4-8 маусымда Ташкент қаласында қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионаты өткен. Әлем чемпионатына 38 елден 240 спортшы қатысты. Атыраулық спортшы Хайдар Есенғалиев өзін-өзі қорғау бойынша ауыр салмақта бақ сынады. «Ол Қырғыз Республикасының қос спортшысы мен Румыния өкілдерін ұтты. Ал жартылай финалда Өзбекстан спортшысына есе жіберді. Сөйтіп ол әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді», – деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Хайдар Есенғалиев – қоян-қолтық ұрыстан Атырау облысының аға жаттықтырушысы. Әлем және Азия чемпиондарын дайындап шығарған.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық парадзюдошы Гран При турнирінің қола жүлдесін иеленгенін жазған болатынбыз.