Еуропа чемпионаты: Нидерланд – Украина – 3:2

Төрткүл дүние көз тіккен футболдан Еуропа чемпионатынының топтық кезең ойындары қыза түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Доп додасының үшінші күні Нидерланд мен Украина құрамалары кездесті. Матч басынан тізгінді өз қолына алған нидерландық аяқдопшылар қарсыласын 3:2 есебімен ұтты. Алғаш болып есепті Нидерланды сапынан Жоржиньо Вейналдум ашты. Оның жетістігін араға 6 минут салып командаласы Ваутер Вегорст қайталады. Бұдан кейін Украина сапынан Андрей Ярмоленко көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Ал 78-ші минутта тағы бір украиналық футболшы Роман Яремчук таразы басын теңестірді. Дегенмен қорғаушы Дензел Дюмфрис қолайлы сәтте Украина қақпасынан саңылау тауып, қорытынды есепті белгіледі.

***

Австрия – Солтүстік Македония 3:1 

Сондай-ақ бұл күні Австрия мен Солтүстік Македония елінің аяқдопшылары өзара мықтыны анықтады. Екі құрама бұған дейін екі мәрте кездескен. Екеуінде де австриялық футболшылар басым түскен еді. Бүгінгі ойын қос құраманың алма-кезек шабуылымен өрбіді. Бірақ тәжірибесі мол австриялық құрама өз үстемдігін тағы бір мәрте паш етті. Есеп – 3:1. Әсіресе, Михаэль Грегорич пен Марко Арнаутовичтың салған добы Австрия құрамасын айқын жеңіске жеткізді.

Айта кетейік, аталған құрамалар С тобында сынға түсіп жатыр. Келесі кезең 17 маусымда өтеді. Бұл күні жасыл алаңға Нидерланды Австриямен, Украина мен Солтүстік Македония шығады.

***

Англия – Хорватия 1:0

Еуропа чемпионатының финалдық сатысында Англия мен Хорватия құрамалары да шеберлік байқасты. Екеуі де әлемнің үздіктері. Сондықтан жанкүйерлер бұл кездесуден тартысты бәсеке күткені рас. Алайда бұл жолы жалғыз ғана гол соғылды. Оны ағылшындық құрама сапындағы Рахим Стерлинг өз еншісіне жазды.

Ал бүгін жанкүйерлер D тобындағы қалған командалар: Шотландия және Чехия футболшыларының ойынын тамашалайды.

***

Баскетболдан Қазақстан құрамасы Иорданияға есе жіберді

Баскетболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Азия Кубогының іріктеу кезеңінде Иорданиядан жеңілді. Есеп 70:80. Әсіресе, үшінші айналымда қарсыластардың беталысы күшті болды. Дегенмен, бұл сәтсіздік жерлестеріміздің сағын сындыра алмады. Қазақстандық құрама бұған дейін 10 ұпай жинап, өз тобында көшбасшы атанды. Ал екі ұпайы кем Иордания құрамасы екінші орынды місе тұтты.

Айта кетейік, қос команда биыл құрлықтық додада өнер көрсету мүмкіндігін алғаш рет иеленді.