«Кеттік, камерасыз сөйлесейік». Зидан тілшіге тіл тигізді

«Реалдың» бұрынғы бас бапкері Зинедин Зидан кеше Испанияның екінші біріншілігі, Сегунданың плей-офф кезеңінде кездескен «Райо Вальекано» мен «Жирона» арасындағы ойынды тамашалады.

«Райо» командасының сапында франциялық маманның ұлы Люка Зидан ойнады.

Ойыннан кейін Зиданға GOL порталының тілшісі Серджио Киранте келіп, «Реалдан» кету себебін сұраған.

Зидан тілшіге назар аудармаған, кейін ашуланып, тілшіге: «Сен осы сұрақты қайталап қоя бересің бе? Бұл ақылға сыймайтын сұрақты неге қайталай бересің? Сенің жұмысың масқара! Мен сені, сен мені жақсы білесің. Кәсіпқой тілші емессің. Бірнәрсені қайталай бересің. Кеттік, камерасыз сөйлесейік», – деп тілшіні жеке сөйлесуге шақырған. 

Айта кетейік, 48 жастағы маман биыл маусым аяқталған соң «Реалдан» кеткен болатын. Ол кеткен сәтінде жанкүйерлерге хат жазып, онда команданың басшылығы оны қолдамайтынын айтқан.