Елена Рыбакина Берлиндегі халықаралық турнирде сәтті өнер көрсетті

Қазақстанның бірінші ракеткасы АҚШ өкілі Шелби Роджерсті жеңді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірінші сетте 2:6 есебімен ұтылып жатқан жерлесіміз тез ес жинап, қалған кезеңдерде кездесу тағдырын өз пайдасына өзгерте алды. Қарсыластар кордта 1 сағат 44 минут бойы ойнады.

Айта кетейік, біріншіліктің жалпы жүлде қоры жарты миллион еуро. Қазақстандық теннисші ертең испаниялық Гарбинье Мугурусамен ширекфинал жолдамасын сарапқа салады.

АРМЕНИЯ – ҚАЗАҚСТАН 0:3

Футболдан Қазақстанның әйелдер құрамасы сырт алаңда Арменияны тізе бүктірді. Есеп: 3:0. Әсіресе, Бегайым Қырғызбаева, Светлана Бортникова мен Әселхан Тұрлыбекованың ойыны көпті сүйсіндірді. Кейінгі тоғыз ойында сәтсіздіктен көз ашпаған жерлестеріміз үшін бұл жеңістің орны бөлек. Оның үстіне Еревандағы алғашқы жолдастық кездесуде де Қазақстан құрамасы 2:1 есебімен ұтылғаны бар.

ФРАНЦИЯГЕРМАНИЯ 1:0

Дидье Дешам шәкірттері тағы бір мәрте үздік екенін дәлелдеді. Еуропа чемпионатының төртінші күні Франция құрамасы Германиямен кездесті. F тобындағы екі команда да әлемнің үздіктері. Сондықтан жанкүйерлер бұл ойынды асыға күткені рас. Бұған дейін де жасыл алаңда талай жолыққан қарсыластар бір-бірінің осал тұсын дөп басуға тырысты. Бірінші кезеңде неміс футболшысы Матс Хум-мельс өзінің қақпасына гол соғып алды.

Бұдан кейін екі жақтың да есепті өзгертуге мүмкіндігі болған. Алайда ойын мазмұны сол күйі өзгерген жоқ. Осылайша, Франция 1:0 есебімен кездесудің жеңімпазы атанды.

ВЕНГРИЯ – ПОРТУГАЛИЯ 0:3

Сондай-ақ бұл күні Венгрия мен Португалия аяқдопшылары да шеберлік байқасты. Венгрия өз алаңында ойнағанымен ә дегеннен Португалияның үстемдігі аңғарылып тұрды. Нәтижесінде қақпаға үш бірдей жауапсыз гол соғылды. Оның алғашқысын Рафаэль Герреру салса, қалғанын құраманың  серкесі  Криштиану Роналду еншісіне жазды. Осылайша, Роналду Еуропа чемпионатында соққан голдар санын 11-ге жеткізді. Ол бес бірдей Еуропа чемпионатында өнер көрсеткен жалғыз футболшы. Сондай-ақ құрлық біріншілігінде ең көп жеңіске жеткен де сол. Бұған дейін бұл атақ Андреа Иньеста мен Сеске Фабрегасқа тиесілі еді. Айта кетейік, F тобындағы келесі ойындар 19 маусымда болады. Бұл күні Португалия мен Германия, Венгрия мен Франция құрамалары жолығады.

Сондай-ақ...