EURO-2020: доданың алтыншы күні алаңға кімдер шығады

16 маусымда және 17 маусымға қараған түні Санкт-Петербург, Баку және Римде футболдан 2020 жылғы Еуропа чемпионатының 2-турының алғашқы матчтары өтеді, деп хабарлайды Prosports.kz.

Ойын күнінің бағдарламасы Санкт-Петербургте Финляндия мен Ресей құрамаларының кездесуімен ашылады. Ресейліктерге шегінерге жер жоқ - плей-оффқа шығатын мүмкіндікті сақтап қалу үшін оларға жеңіске жетуі керек. Финляндия футболшылары бүгін үш ұпай алып жатса, 1/8 финалға шыққан алғашқы команда болады.

Турнирдің ашылу матчында Италиядан ойсырай ұтылған Түркия құрамасы Уэльспен кездеседі. Уэльс бірінші турда Швейцариямен тең түсті.

А тобындағы 2-турдың тағы бір матчында Италия мен Швейцария құрамалары алаңға шығады. Доп додасын сәтті бастаған «Скуадра адзурра» бүгін плей-офф тағдырын шешіп тастауы мүмкін.