Олимпиадаға баратын спортшылар вакцина салдырып жатыр

Олимпиадаға баратын спортшылар жаппай вакцина салдырып жатыр. Бүгінге дейін ұлттық құраманың 80 проценті екпе жасатты. Бірақ ұйымдастырушы тарап бұны міндеттеп отырған жоқ. Тек кеңес берумен ғана шектеледі. 

Токио Олимпиадасы жоспар бойынша 23 шілдеде басталады. Жоспар болғанда, бұл нақты бекітілген. Оған шетелдік көрермендер жіберілмейді. Ал жергілікті спортсүйер қауым аламандарды тамашалауы мүмкін. Бұл мәселе әлі күнге дейін қызу талқыланып жатыр. Байрақты бәсекенің басы-қасындағылар қалай болғанда да барынша қауіпсіз өткізудің жолдарын іздеп әлек. Осы мақсатта әр елден келетін делегация санын қысқартты. Спортшылар мен бапкерлер бұрынғыдай бірер апта бұрын емес, бір апта қалғанда ғана Олимпиада қалашығына орналасады. Барлығы бірдей вакцина алу керек деген талап жоқ.

Айгүл Бектенова, ҚР МСМ Жазғы спорт түрлері басқармасының басшысы:

- Бізде спортшылардың бәрінен сұрау қағаздарын толтырды. Кім вакцина өз еркімен алуға дайын соларға вакцина салу жұмыстары жүргізіледі денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп. Өздеріңіз білесіз, бірінші компонент пен екінші компонент арасында белгілі уақыт өту керек. Соған байланысты кейбір спортшылардың дайындығы сәйкес келмеуі мүмкін. Жарысқа қатысуы мүмкін. Сондықтан дайындық жоспарын біріншіден қарайды. Екіншіден, ең алдымен спортшының еркі болу керек. Егер салам деп тұрса ғана салынып жатыр. Бас тартқандары да бар.

Қазақстандық делегация қалыптасқан жағдайды жақсы түсінеді. Сондықтан барлығымыз да екпе жасатуға тырысамыз дейді Гүзел Манюрова. Олимпиада ойындарының жүлдегері бүгін ұлттық құрамадағы шәкірттерімен бірге елордадағы екпе орталығына келді. Олар отандық өнімді таңдады.

Гүзел Манюрова, ҚР Әйелдер күресі федерациясы президентінің орынбасары:

- Мен өзіміздің өндірушілерді қолдауды жөн көрдім. Бұл біріншіден. Екіншіден КАЗВАК-тың бірінші және екінші екпесінің арасында 21 күн өтуі керек. Басқаларында ұзақтау.  Олимпиадаға өте аз қалды. Сондықтан бізге қазір ең қолайлысы осы. Олимпиада баратын қыздардың барлығы екпе жасатты. Енді дайындықты тағы бір пысықтап, ел намысын қорғауға аттанамыз. 

Қазақстандық тарап спортшылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін ұлттық құраманы чартерлік рейс жалдап, бір ұшақпен апаруды жоспарлап отыр. Токиоға олар тест нәтижесімен жіберіледі және жарыс барысында бірнеше рет тағы да тексеруден өтеді. Ал санитарлық талаптарды бұзған не оған бағынбаған спортшылар жарыстан шеттетіліп, өз елдеріне қайтарылады. Қазақстан құрамасында қазір 70-ке жуық лицензия бар. Жоспар бойынша көрсеткіш 100-ден асу керек. Іріктеу жарыстары 1 шілдеге дейін жалғасады.

Авторлар: Аслан Қаженов, Ерзат Зайытхан

Сондай-ақ...