EURO-2020 турнирінің жүлде қоры қанша

Өткен аптада футболдан Еуропа чемпионаты мен Оңтүстік Америкада «Америка кубогы» турнирі қатар басталды, деп хабарлайды Vesti.kz.

Осы орайда әлем жұртшылығының назары екі құрлықтың басты додасына ауып отыр. Бұл ретте кәрі құрлық турнирінің жүлде қорына назар аударсақ.

Жалпы Еуропа біріншілігінің жүлде қоры 331 млн еуроны құрап отыр. Салыстырмалы түрде Франциядағы соңғы турнирде 301 млн еуро болған еді. Іріктеуден іркілмей өтіп, төрт жылда бір келетін футбол тойына жолдама алған құрамалар 9,25 млн еуроны қанжығаларына байлайды.

Топтық кезеңде жеңіске жеткен команда 1 млн еуроны алса, тең нәтижеге қол жеткізгендер жарты млн табысқа ие болады. Сонымен қатар, 1/8 финалға жолдама алған ұжым 1,5 млн еуро еншілейді. Ширек финалға шыққан құрама 2,5 млн, ал жартылай финалда өнер көрсететін команда 4 млн табысқа кенеледі. Жарыстың финалында өнер көрсететін құрамалар 5 млн-нан және жеңімпаз ұжымның есепшотына УЕФА қосымша 3 млн еуроны аударады.

Футбол мамандарының пікірінше, биылғы жарыстың басты фавориттері Франция, Англия және Бельгия құрамалары болып отыр. Алайда әр турнирде сенсациялар орын алатынын ескерген жөн.