Шымкентте спорт саласының әкімшілік қызметкерлері Елбасы тестін тапсырды

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен қала күніне орай өткізілген сынаққа қалалық спорт басқармасына қарасты мекемелерден 300-ден астам қызметкер қатысты. Олар спорттың бірнеше түрінен тест тапсырып өз мүмкіндіктерін сынап көрді.

Шараның мақсаты салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту. 11 түрлі сынақтан өткен үміткерлер алдымен 100-ден 1000 метрге дейінгі  қашықтыққа жүгіріп, бір орыннан ұзындыққа секірді. Түрлі дене жаттығуларын жасап, жүзуден, гранат лақтырудан бақ сынады.

Ұлан Құралбаев, қалалық №11 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері:

- Бұл Президенттік тесттің маңыздылығы бір шетінен біз күнделікті жаттығу жасаймыз. Формамызды ұстап жүру үшін алаңда жаттығу жасағанда, футбол ойнағанда біз өзіміздің деңгейімізді білмейміз. Қаншалықты деңгейде екендігін. Сол үшін де жыл сайын осында келіп тест тапсырғанда өзіміздің нәтижеміз бен қаншалықты өзгергенімізді осы тест арқылы біліп отырамыз.

Елбасы тестін тапсырушылардың жасында шектеу жоқ. Жұмысқа енді кірген жас маман мен зейнеткерлік жасқа жақындап қалған қызметкерлер де өз шамасын байқап көрді. Қатысушылар тапсырманы белгіленген тәртіп бойынша бұлжытпай орындауға барынша тырысты. Ал оларды арнайы мамандар бағалап отыр.

Малик Джахеди, жарыстың бас төрешісі:

- Бүгін спорт ұжымын қабылдадық деп айтуға болады. Менің ойымша, бәрі алдын ала үлкен дайындықпен келген. Нәтижелері жаман емес. Қорытындыны күтетін боламыз. Біз әрқашан бұқаралық спортты қолдаймыз.

Қалалық спорт және дене шынықтыру басқармасы ұйымдастырған шараға алдағы уақытта өзге мекеменің қызметкерлері де қатысады. Бұл жолы үздік нәтиже көрсеткендер Республикалық сайысқа  жолдама алады.

Авторлар: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов