EURO-2020: Бельгия құрамасы Данияны жеңді

Футболдан еуропа чемпионатының топтық кезеңі жалғасып жатыр.

Жарыстың кезекті күнін Бельгия мен Дания құрамалары жолықты. Копенгаген қаласында өткен матч қонақтардың жеңісімен аяқталды. Ең алғашқы голды Дания сапындағы Юссуф Поульсен соққан. Бірақ Бельгия ойыншылары екінші кезеңде екі рет мергендігімен көзге түсті. Торган Азар мен Кевин Де Брюйне мүмкіндіктерін мүлт жібермей, қорытынды есепті 1:2-ге жеткізді. Осылайша Бельгия «В» тобының көш басына жайғасып, плей-офф кезеңіне жолдама алды. Сонымен қатар, кеше Нидерланды мен Австрия құрамалары да кездесті. Амстердам қаласында өткен матчта алаң иелері 2:0 есебімен жеңіске жетті. Ал Украина Солтүстік Македония құрамасын 2:1 есебімен жеңді.

 АЛМАТЫДА АРАЛАС ЖЕКПЕ-ЖЕК ТУРНИРІ ӨТЕДІ

Бүгін Алматыда аралас жекпе-жектен Eagle Fighting Champiomship лигасының 37-ші турнирі өтеді. Халықаралық додаға Хабиб Нурмагомедов арнайы келді. Оған Бразилия, Ресей, Қырғызстан және еліміздің ережесіз жекпе-жек шеберлі қатысады. Шаршы алаңға шығатын 26 спортшының бесеуі жерлесіміз. Кештің басты кездесуі 47 жекпе-жек өткізіп, 39 рет жеңіске жеткен Шамиль Завуров пен кәсіпқой спортта 30 кездесудің 22-сін жеңіспен аяқтаған бразилиялық Рикардо Тирлони арасында болады. Жарыстан бір күн бұрын Хабиб Нурмагомедов баспасөз мәслихатын өткізді. Кәсіпқой спортшы осы бәсекеде отандастарымыздың жеңіске жету мүмкіндігі жоғары екенін айтты.

Хабиб Нурмагомедов, жеңіл салмақтағы UFC экс-чемпионы:

– Біздің лигадағы Қазақстандық спортшылар жақсы нәтиже көрсетіп жүр, жеңілістері де жоқ емес. Командалық есеп бойынша екінші орынды қанжығалап тұр. Барлығын шаршы алаң көрсетеді. Қазақстандағы ережесіз жекпе-жек дәл осы бетімен дами түссе 7-8 жылда әлемдік нәтижеге жетеді, деп ойлаймын. Өйткені, бұл спорт түріне қызығушылық жоғары.