EFC 37: қазақстандықтар қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді

Алматыда аралас жекпе-жектен «Игл Файтиң Чемпионшип» лигасының 37-турниры өтті. Халықаралық додаға жеңіл салмақтағы UFC экс-чемпионы Хабиб Нурмагомедов арнайы келді. Шаршы алаңға шыққан жерлестеріміз қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді.

Аралас жекпе-жек турнирі «Алматы арена» спорт кешенінде өтті. Халықаралық жарыста Бразилия, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Армения, Қырғызстан мен Қазақстаннан 26 спортшы қатысып, бағы мен бабын сынады. Октагонда төбелескен жігіттер барын салды. Жерлестеріміз Дияр Нұрқожа, Санжар Әділов пен Жасұлан Әлімжан қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді.

Санжар Әділов, турнир чемпионы:

- Барлығы өзім жоспарлағандай болды. Бұл жекпе-жекке тыңғылықты дайындалдым. Бапкерлердің айтқанын орындадым. Команданың сенімін ақтадым деп ойлаймын.

Турнирді тамашалауға келген әйгілі спортшы, аралас жекпе-жектен әлемнің абсолюттік чемпионы Хабиб Нұрмағамбетов спортшылардың дайындығына оң бағасын берді. Ал Алматыға алғаш рет келіп, жеңіске жеткен спортшылар жарыстың өте жоғары деңгейде ұйымдастырылығанын атап өтті.

Шәміл Магомедов, кәсіби спортшы:

- Қазақстанға алғаш рет келдім. Сапарым сәтті болды. Алматыда жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Жарысты ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Осындай халықаралық турнирлерді жиі өткізу керек.

Ал кештің басты кездесуі 47 жекпе-жек өткізіп, 39 рет жеңіске жеткен ресейлік Шамиль Завуров пен кәсіпқой спортта 30 кездесудің 22-сін жеңіспен аяқтаған бразилиялық Рикардо Тирлони арасында өтті. Бұл төбелесте Завуровтың мерейі үстем болды. 

Алмас Садуақас, Радик Жақыпов