Грек-рим күресі: Демеу Жадыраев күміс жүлдегер атанды

Түркияда грек-рим күресінен халықаралық турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

77 келіде өнер көрсеткен жерлесіміз финалға дейін жетіп, соңғы сында жергілікті спортшыға жол берді. Бұдан бөлек, ұлттық құрама сапындағы Айдос Сұлтанғали мен Мейрамбек Айнағұлов өз салмақтарында қола медаль жеңіп алды. 

ФУТБОЛДАН ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫ

Футболдан Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні плей-оффқа шыққан тағы бір команда белгілі болды. Бұл жолы Италия Уэльс командасымен жолығып, 1:0 есебмен жеңіске жетті. Матчтағы жалғыз голды 39-шы минутта Маттео Пессина соқты. Ал «А» тобындағы қалған қос команда, яғни Түркия мен Швейцария Бакуде өзара мықтыны анықтады. Тартысты өткен матч 3:1 есебімен аяқталды. Швейцария сапынан Шердан Шакири мен Харис Сеферович мергендігімен көзге түсті. Шердан дубльдің авторы атанды. Осылайша «А» тобында барлық кездесуін жеңіспен аяқтаған Италия 9 ұпаймен топтың басына жайғасты. Одан кейінгі орында Уэльс пен Швейцария тұр. Ұпай көрсеткіштері бірдей. Сәйкесінше, қос команданың да плей-оффтан үміті бар. Ал Түркия соңғы сатыға жайғасып, жарыс жолын аяқтады.

ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНА ІРІКТЕУ ЖАЛҒАСУДА

Қазақстандық қыздар іріктеу турнирінің жартылай финалына дейін жетті. Бірақ жолдама ала аламады. Монакода регбиден олимпиада лицензиялары сарапқа салынған. Ұлттық құрама алғашқы айналымдарда Тунис және Жаңа Гвиния командаларын айқын басымдықпен ұтты. Ал, жартылай финалда Ресей құрамасына есе жіберді. Көрші елдің қыздары 38:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша Анна Яковлева баптайтын бұрымдылар жолдамаға қол жеткізе алмады. Олимпиадалық лицезия финалға шыққан командаларға ғана беріледі. Жарыс қорытындысы бойынша  Токиоға Ресей мен Франция құрамалары аттанатын болды.

ОЛИМПИАДА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ЭСТАФЕТАЛАР ӨТІП ЖАТЫР

Еліміздің түкпір-түкпірінде олимпиада күніне арналған спорттық шаралар өтіп жатыр. Бастаманы алғаш болып Солтүстік Қазақстан қолдады. Бұнда кәсіпқой және әуесқой спортшылардың басын қосқан велошеру ұйымдастырылды. Александр Винокуров бастаған жүздеген шабандоз қала көшелерімен 10 шақырым жүріп өтті. Артынша эстафетаны Алматы іліп әкетіп, құзға өрмелеу шеберлері арасында жарыс жасады. Алдымен ел чемпионатының үздіктері өнерлерін көрсетіп, жас спортшылармен тәжірибе бөлісті. Одан кейін балалар арасындағы бәсеке болды. Айта кетейік, құзға өрмелеу олимпиада бағдарламасы енді ғана қосылды және бұл сында ел намысын Ришат Хайбуллин қорғайды. Олимпиада күніне арналған шаралар 23-ші маусымға дейін жалғасады. Осы аралықта құзырлы комитет батыста бокс пен дзюдодан шеберлік сағаттарын және елордада көше спорттары бойынша жарыстар өткізуді жоспарлап отыр.