«Барселона» басшысы Месси мен Роналдуды бір командада ойнатпақ

«Барселона» клубы Португалия құрамасы мен «Ювентус» шабуылшысы Криштиану Роналдуға көз тігіп отыр, деп хабарлайды vesti.kz.

Футболшыға клуб басшысы Жоан Лапорта қызығып отырған көрінеді. Ол Лионель Месси мен Роналдуның басын «Барселонада» қосып, кейінгі он жылда футболда басым болған жұлдыздарды бір командаға жинаған адам ретінде тарихта қалғысы келеді екен. 

Роналдуны өз сапына қосу үшін каталондықтар Антуан Гризманн, Серхи Роберто немесе Филиппе Коутиньо арасынан екі футболшыны келісімшартқа қоспақ.

Роналду мен «Ювентус» арасындағы келісімшарттың аяқталуына бір жыл бар. 36 жастағы форвард Туринге 2018 жылы мадридтік «Реал» сапынан 117 миллион еуроға ауысқан. Роналду 2020/2021 маусымында 29 гол салып, А сериясында ең мықты бомбардир атанды.