Берлинде карантинге алынған қазақстандық паралимпиадашылар елге ұшып кетті

Ұлттық құраманың негізгі бөлігі, 13 спортшы мен жаттықтырушылар жолға шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар бірнеше рет ПТР-тест тапсырып, ешкімде ауру белгілері анықталған жоқ. Германия заңы бойынша 5 күн оқшауланғаннан кейін карантинді тоқтатуға болады. Делегациямыздың қалған 8 мүшесі науқастармен байланыста болған бірінші деңгейлі тұлғалар ретінде Берлинде қалды. Жүзуден Қазақстан құрамасы Әлем кубогының финалдық кезеңіне қатысып, 23 медаль ұтып алған еді. Оның оны алтын. Алайда жарыстың екінші күні спортшыларымызға сайыстан шығуға тура келді. Құрама дәрігері коронавирус жұқтырып алды.

Шахан Жулдасбаев паралимпиадашы:

- Бәрі жақсы өтті. Екі күн ішінде біз бірнеше орынды алып келе жатырмыз. 20 шақты орындай. Жақсы жетістіктермен қайтайын деп жатырмыз. Алда Токио бар, Олимпиада бар. Оған қатысатын балалар соған дайындалады. Ал күзде бізде Қазақстанда үлкен спартакиада өтеді.