Футбол: Бүгін түнде Италия мен Австрия күш сынасады

Түн ауа ағылшынның атақты «Уэмбли» стадионында Италия мен Австрия күш сынасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бас бапкер Роберто Манчини сенім артқан жігіттер өз шоқтығының биік екенін паш етті. Алдымен Түркия қақпасына үш гол соққан Италия құрамасы Швейцарияны да оңай ұтты. Рас, соңғы турда Уэльске сәл шекеден қарады. Манчини негізгі құрамда ойнайтын жігіттеріне демалыс жариялап, алаңға Андреа Белотти секілді сұрмергенді жіберді. Марко Вератти де қазір ойынды көбіне сырттан тамашалайтын болды. Осының өзінен-ақ Италияның қаншалықты азулы екенін бағамдай беріңіз. Чиро Иммобиле, Лоренцо Инсинье секілді серкелерге сенім артатын Манчини қажет кезде өзге де жігіттеріне жұмыс тауып бере алады. Топтық кезеңнің үздігіне баланған Италияның осал тұсын Австрия таба ала ма? Бельгиямен біршама жақсы ойнаған, Украинаны жеңген команданың шамасы неге келетіні бүгін байқалады. Олардың өз үздігі бар. Мысалы, Марко Арнаутович. Немесе Давид Алабаны алыңыз. Құрлы чемпионатының плей-офф кезеңіне кез келген команда шыға салмайдытыны белгілі. Австрияның да бір білгені бар шығар. Дегенмен, мамандар Италияны мықты деп таниды.