Шавкат Рахмонов UFC-дегі екінші жеңісіне байланысты пікір білдірді

Аралас жекпе-жекте өнер көрсететін қазақстандық спортшы Шавкат Рахмонов (14-0) бразилиялық Мишель Празереспен (26-3) өткен кездесуіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24» Vesti.kz порталына сілтеме жасап.

Бұл кездесу Лас-Вегас (Невада штаты, АҚШ) қаласындағы UFC Vegas 30 турнирінде өтті. Негізі айқас үш раундқа жоспарланған болатын. Бірақ екінші раунда қазақстандық спортшы қарсыласын қылқындыру әдісімен жеңді. 

«Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Қазақстанның туын мұндай аренада көтергеніме қуаныштымын әрі мақтан тұтамын.  Осы кездесуден кейін рейтингте жақсы орында болатынымды білемін. Қарсыласымның кім болатыны мен үшін маңызды емес. Мүмкін үздік 15 спортшының қатарына да қосылатын шығармын. Мен шешімді жалғыз өзім қабылдамаймын. Командама, бапкерлеріме деген құрметім шексіз. Солармен ақылдасуым керек. Шынымды айтайын, Қазақстанды қатты сағындым. Үйге барып, отбасыммен, достарым, жанкүйерлеріммен бірге тойламақпын. Жекпе-жегімді бүкіл ел тамашалады, сондықтан бұл жеңіс мен үшін өте маңызды. Октоганға тезірек қайта оралуға тырысамын», – деді Рахмонов. 

Айта кетейік, бұл Рахмоновтің аралас жекпе-жектегі 14-ші кездесуіндегі 14 жеңіс. Ал UFC ұйымында ол екінші жеңісіне қол жеткізіп отыр.