Жәнібек Әлімханұлы әлемнің экс-чемпионын мерзімінен бұрын жеңді

28 жастағы қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (10-0, 5 КО) 30 жастағы әлемнің экс-чемпионы Роб Брандты (26-2, 18 КО) жеңді, деп хабарлайды «Хабар 24» Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында украиналық боксшы Василий Ломаченконың (14-2, 10 КО) андеркартында өтті. Бұл кештің бас жекпе-жегі Ломаченко мен жапондық Масаеши Накатани (19-1, 13 КО) арасында болмақ. 

Жекпе-жек орта салмақ лимитінде өтіп, он раундқа жоспарланған болатын. Алтыншы раундта Жәнібек қарсыласын нокдаунға жіберді. Ал сегізінші раундтан кейін Брандтың командасы кездесуді ары қарай жалғастырмау туралы шешім шығарды. 

Бұл Әлімханұлының кәсіби мансабындағы оныншы кездесуі және оныншы жеңісі. Ал Бранд үшін бұл үшінші жеңіліс. 

Естеріңізге сала кетейік, Жәнібек өнер көрсететін орта салмақта IBF және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Генадий Головкин (41-1-1, 36 КО).

Жекпе-жекті «Хабар» телеарнасы көрсетті.