Бельгия Португалияны жеңіп, ширек финалға шықты

Футболдан Еуропа чемпионатының ширек финалына жолдама алған төртінші құрама анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дүбірлі доданың 1/8 финалындағы төртінші кездесуде Бельгия мен Португалия жасыл алаңға шықты. Екі құрама бұған дейін 18 мәрте кездесті. Оның 5-інде Бельгия басым түсіп, 6-сында Португалияның мерейі үстем болды, қалғанында тең нәтиже тіркелді.

Бүгінгі кездесуде қос құрама жарысты жалғастыруға бар күшін салды. Екеуінің де есепті өзгертетін мүмкіндігі көп болды. Сондай сәттердің бірінде бельгиялық Торган Азар өзінің құрамасын алға шығарды. Бұдан кейін екі құраманың да гол соғатын мүмкіндігі көп кездесті. Десе де, таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. Кездесуде Бельгия қарсыласын 1:0 есебімен жеңіп, жарыстың ширек финалына шықты. Енді олар ширек финалда 2 маусымда Италиямен шеберлік байқасады. Еске салсақ, бұдан бұрын Дания Уэльсті 4:0 есебімен жеңіп, Италия Австрияны овертаймда 2:1 есебімен тізе бүктірді. Үшінші кездесуде Чехия Нидерландтан 2:0 есебімен басым түсті.

Айта кету керек, жарыстың 1/8 финалында енді 28 маусымда Хорватия мен Испания, Франция мен Швейцария шеберлік байқасады. Ал 29 маусымда Англия мен Германия, Швеция мен Украина жасыл алаңға шығады.