Еуропа чемпионаты: Швейцария Франция құрамасын жеңді

Футболдан Еуропа чемпионатының ширек финалына жолдама алған бесінші құрама анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дүбірлі доданың 1/8 финалындағы алтыншы кездесуде Франция мен Швейцария жасыл алаңға шықты.

Екі құрама бұған дейін 40 мәрте кездесті. Оның 18-де Франция басым түсіп, 18-де Португалияның мерейі үстем болды, қалғанында тең нәтиже тіркелді.

Бұдан бұрын Швейцария аталған қарсыласынан 1992 жылдың 21 мамырында жолдастық кездесуде 2:1 есебімен тізе бүктірген еді. Содан бергі сегіз ойынның 4-де француздар жеңіске жетсе, қалғанында тең нәтиже тіркелді.

Жанаүйерлер бүгінгі кездесуде Францияның жеңісіне еш күмәнданған жоқ еді. Ойынның алғашқы сәттерінде олардың басымдығы байқалып тұрған болатын. Десе де уақыт өте келе швейцариялық футболшылар қарсы шабуылдарға иек артты.

Нәтижесінде кездесудің 15-минутында олардың қатарында Харис Сеферович баспен қақпа торын тулатып, өзінің құрамасын алға шығарды. Ал 53-минутта француз қақпашысы Уго Льюрис пенальтиді қайтарды.

Одан кейін франциялық шабуылшы Карим Бензема 57, 59-минуттарда қос голдың авторы атанды. Осылайша, Франция алға шықты. Аталған құрама сапынан Поль Погбаның 75-минутта алыстан тепкен добы қақпа торында тулап жатты.

Швейцариялық футболшылар намысқа тырысып, одан кейін екі гол соқты. Оны Харис Сеферович 81, Марио Гавранович 90-минутта өзінің еншісіне жазды.

Негізгі кезең 3:3 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда да жеңімпаз анықталған жоқ. Пенальти тебуде Швейцарияның жолы болды.

Енді Швейцария ширек финалда 2 шілдеде Испаниямен шеберлік байқасады.

Еске салсақ, бұдан бұрын Дания Уэльсті 4:0 есебімен жеңіп, Италия Аустрияны овертаймда 2:1 есебімен тізе бүктірді. Үшінші кездесуде Чехия Нидерландыдан 2:0, одан кейін Бельгия Португалиядан 1:0, Испания Хорватиядан 5:3 есебімен басым түсті.

Айта кетсек, жарыстың 1/8 финалында енді 29 маусымда Англия мен Германия, Швеция мен Украина жасыл алаңға шығады.