«Тур де Франс»: Алексей Луценко 13-орынды сақтап қалды

Жанкүйердің кесірінен 21 спортшы жарақат алды. «Тур де Франс» бәсекесінің кезекті кезеңі тосын жайттарға толы болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шабандоздар бұл жолы Лорьян мен Понтиви елді мекендері арасындағы 183 шақырымды бағындыруға шыққан. Шамамен 43-ші шақырымда жол жиегіндегі жанкүйердің алаңғасарлығынан шабандоздар сүрініп, тіпті кейбірі жарыс жолынан мүлдем шығып қалды. Одан кейін де осыған ұқсас жағдайлар қайталанды. Десе де, мәреге ең бірінші болып бельгиялық Тим Мерлир жетті. «Астана» сапынан ең тәуір көрсеткіш Якоб Фульсангта. Ол 22-ші сатыға жайғасса, Алексей Луценко 43-ші болып келді. Қазақстандық клуб сапындағы қалған спортшылар алдыңғы жүздікке іліге алмады. Жалпы есепте де айтарлықтай өзгеріс жоқ. Алексей Луценко 13-ші, Якоб Фульсанг 17-ші орында тұр.