Рекорд: теннисшілеріміз Олимпиаданың жетінші жолдамасына ие болды

Қазақстандық теннисшілер Олимпиаданың тағы бір жолдамасына ие болды, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Елена Рыбакина мен Ярослава Шведова Токиода жұптық сында өнер көрсететін болды. Осылайша қазақстандық теннисшілер жеті лицензияны иеленіп отыр. Бұл – Қазақстан теннисі үшін рекордтық көрсеткіш.

Бұған дейін олимпиадаларда теннисшілер еншісінде ең көбі төрт жолдама болған еді. Токиода Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Елена Рыбакина, Юлия Путинцева және Ярослава Шведова жекелей сында додаға түспек.

Ал жұптық сында А.Бублик пен Андрей Голубев, Е.Рыбакина мен Я.Шведова ел намысын қорғайды.

Олимпиадалық теннис турнирі 24 шілде – 1 тамыз аралығында өтеді.