Нысана көздеу және стенд атудан Токио олимпиадасына қатысатын спортшылар анықталды

Нысана көздеу және стенд ату спортынан Токио олимпиадасында ел намысын қорғайтын спортшылар анықталды.

Аталған спорт түрлерінен лицензия жекелеген спортшыға емес, тұтас командаға беріледі. Сол себепті, бас бапкерлер Олимпиада қарсаңында төртжылдық додасына қатысатын спортшылар есімін атады, деп хабарлайды Olympic.kz. 

Токио олимпиадасында стенд атудан Зоя Кравченко мен Әсем Орынбай сынға түседі. Екі спортшы да «скит» бағдарламасы бойынша бақ сынайды.

Стенд атудан Олимпиада лицензиясын Кравченко қосымша квота бойынша жеңіп алды. Ал тағы бір лицензияны Катардың Доха қаласында өткен Азия біріншілігінде Сәрсенкүл Рысбекова жеңіп алған болатын. Бапкерлер ақылдаса келе аталған жолдаманы Әсем Орынбайға беруді жөн санаған. 

Нысана көздеуден Қазақстан командасында жалғыз жолдама бар. Лицензияны Азия чемпионатында алтылыққа енген Юрий Юрков иеленген еді. 50 метрге үш позиция бойынша нысана көздеуден Токио жолдамасын иеленген Юрков Олимпиадада ел намысын қорғайды. 

«Олимпиадаға жолдаманы Юрков жеңіп алды. Ол құрамадағы ең мықты спортшылардың бірі. Әрине, дублерлер жоқ емес. Елизавета Безрукова мен Елизавета Король онымен бірлесіп жұмыс істеді. Спаррингтер өткізді. Десе де біз Олимпиадаға Юрковтың өзі барады деп шештік. Қазіргі таңда біз Алматыда оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Дайындық қарқыны жаман емес. 16 шілде күні Токионы бетке аламыз. Олимпиаданың екінші жарыс күнінде Юрий Юрков сынға түседі», – дейді команданың бас бапкері Ольга Довгун.