Алматыда спорттық гимнастикадан ел біріншілігі басталды

Алматыда спорттық гимнастикадан ересектер мен жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар осы жарыста көпсайыстың кейбір түрлері бойынша Қазақстан кубогы да сарапқа салынады. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған сайысқа Алматы мен Шымкент қаласынан және еліміздің көптеген облысынан 60 үміткер қатысуда. Ұлттық біріншілікте топ жарған спортшылар тамыз айында Словенияда өтетін Әлем кубогының кезеңінде бақ сынайды. Ал Қазақстан кубогының иегерлері қыркүйекте Түркияда жалауы желбірейтін халықаралық турнирде ел намысын қорғайды. Спорттық гимнастика шеберлері үшін биылғы жылдың басты додасы – қазан айында жапон жерінде өтетін Әлем чемпионаты. Ал Токио Олимпиадасына бір ғана жолдама бұйырды. Күншығыс елінде Қазақстан намысын Милад Карими қорғайды. Бапкерлер сенім артқан Нариман Құрбанов пен Арайлым Ержанқызы дүбірлі додадан шет қалды.

Арайлым Ержанқызы, спортшы:

- Осы 2021 жылға түспей қалдым Токиоға. Келесі Олимпиадаға дайындаламын деген ойдамын енді. Сол Олимпиадаға жету үшін енді әрине, сәттілік керек. Төзімділік керек. Дайындалуымыз керек жақсы. Ең бастысы, құлап қалмай, еш жерімізді ауыртпай, дайындалуымыз керекпіз.