Қазақстандық жас теннисші Уимблдон іріктеу сайысының финалына шықты

Қазақстандық Татьяна Николенко Уимблдон жастар турнирі іріктеу сайыстарының финалына шықты, деп хабарлайды «Хабар 24» ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, қазақстандық жас теннисші алғашқы кездесуінде швециялық Клара Милишевичті жеңді.

Т.Николенко қарсыласынан 6:4, 6:2 есебімен басым түсті.

Бәсеке 1 сағат 20 минутқа созылды.

Ертең, 5 шілде күні қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында чехиялық Никола Бартунковамен шеберлік байқасады. Оны ұтса, негізгі жарысқа жолдама алады.

Айта кетейік, 17 жасар Өскемен теннис мектебінің түлегі Т.Николенко жастар арасында Уимблдон додасында сынға түсетін ел тарихындағы екінші ойыншы болмақ. Бұдан жеті жыл бұрын Әсия Даир негізгі турнирге сәл ілікпей қалған болатын. Онда ол іріктеу сайысының екінші кезеңінде ұлыбританиялық Пеппе Хорнға есе жіберген еді.