424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Токио-2020: Дзюдошылардың дайындығы қалай?

  • 203
  • UPD: 21:28, 06.07.2021

Токио Олимпиадасының басталуына жарты айдан аз уақыт қалды.

Жапония астанасындағы кешенді сынға қазақстандық дзюдошылар бес жолдама ұтып алғаны белгілі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Татами бәсекесінде Қарағандының екі балуаны сайысқа түседі.

Спортшылардың бабы қалай? Бапкерлер не дейді?

Сергей Раков, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

- Жансай Смағұловпен ұлттық құрамада бапкер болып жүрген кезімде жолықтым. Ол дзюдоның бірқатар әдістерін оңай жасай алады. Әсіресе, тізерлей отырып бастан асырып тастау сынды қиын әдісті еркін меңгерген. Исламның да болашағы зор спортшы. Жылдамдығы жоғары. Жансай мен Исламның бабы келісіп тұр. Бағы жанса, чемпион болады деп есептеймін.

Жансай Смағұловты жанындағы спортшылар күрестің қас шебері ретінде біледі. 28 жастағы жерлесіміздің бапкері Қайдар Қанжанов. 2017 жылы Жансай Азия ойындарында қола жүлдегер атанған. 2018 жылы Тунисте топ жарып алтын медаль еншілеген. Ол туралы бала кезінен бірге жатыққан Бейімбет Қанжановтың пікірі мынадай.

Бейімбет Қанжанов, самбодан әлем чемпионы:

- Жансайдың спорт, жарыстағы мінезіне келсек, ол өте сабырлы. Ол кілем үстінде соңғы минут пен секундта әдісін жасай алады. Соңғы секундттарда тастап кететін мүмкіндіктері бар. Ол спортшы үшін жақсы қасиет деп айтуға болады. Осы Олимпиадада алтын алуға мүмкіндік шынымен бар. Өйткені қазір қарасақ, спортшыларға жағдай жасады. Алтын медаль күтеміз, Алла жазса.

Ислам Бозбаев та боз кілемнің шебері. «Бармақтай бағы жанса», деп тілейді тілеулестері. Дзюдодан Қазақстанның тұңғыш әлем чемпионы Максим Раков Исламның жылдамдығына тәнті. Әлемдік додаларда қарсыластарын не бәрі 30 секундта сұлатқан кездері көп көрінеді.

Максим Раков, дзюдо күресінен әлем чемпионы:

- Ислам талантты спортшы. Қарсыластарының барлығымен күрескен, бәрінің қыр-сырын біледі. Бәрі де оның бабына байланысты. Олимпиада ойындарында психологиялық дайындық жоғары болу керек. Осының барлығы бойынан табылса, біз тұңғыш Олимпиада чемпионын көре аламыз деп ойлаймын.

Екі спортшы да дзюдо күресінен Қарағандының ғана емес, Қазақстанның атын бірқатар әлемдік додада жеңіс тұғырынан көрсеткен. Ал, Қарағандыда дзюдо күресінен мықты мектеп қалыптасып келеді. Онда бүгінгі күні 3 мыңға жуық бала жаттығады. Оның 23-і спорт шеберлері.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы