Тур де Франс: Луценко орнын сақтап қалды

Ең күрделі де қауіпті кезеңдер алда. Тур де Франс бәсекесіне қатысты қазақстандық Алексей Луценко осындай пікір білдірді.

Шабандоздар жарыстың кезекті күні 12-кезеңге қатысқан еді. Яғни Францияның таулы-қыратты аумақтарымен 160 шақырымды бағындырды. Нәтижесінде германиялық Нильс Политт топ жарды. Ал «Астана» сапындағы Алексей Луценко мәреге 26-болып жетті. Қазақстандық клуб сапындағы басқа спортшылар, яғни Йон Исагирре – 26-шы, Якоб Фульсанг – 70-ші, Уго Уль 83-ші сатыларға тұрақтады. Ал жалпы есепте айтарлықтай өзгеріс жоқ. Ең тәуір көрсеткіш Луценкода. Ол қазір 7-ші тұр. Тур де Франс бәсекесінің алда әлі 9 кезеңі бар.

 SENSHI: НАҒАШЫБЕК ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛДА

Нағашыбек Темірлан жартылай финалға шықты. Дәл қазір каратэден кәсіпқой жекпе-жектер өтіп жатыр. Сенши деп аталатын бәсеке соңғы жылдары кеңінен етек жайып келеді. Бұл жолғы доданы Болгария қабылдады және оған Еуропаның үздіктері қатысуда. Қазақстандық Нағашыбек Темірлан іріктеу сынында Әзербайжан спортшысымен кездесіп айқын басымдықпен ұтты. Енді бүгін ол финалдың жолдамасын сарапқа салады. Кезекті қарсыласы –  Беларусь елінің өкілі. Ал тағы бір жерлесіміз Әлішер Кәрменов алғашқы айналымда есе жіберді. Әлішер армениялық Гегам Манавазиянмен жолыққан болатын. Камчия аймағындағы жарыстың жалпы қорытындысы 11 шілдеде белгілі болады.

ТУРА БІР АПТАДАН КЕЙІН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА ОЛИМПИАДАҒА АТТАНАДЫ

Биыл спортшыларды қос чартерлік рейспен жіберу көзделіп отыр. Алғашқысы, 16 шілдеге жоспарланған. Оның ішінде дзюдо, жеңіл атлетика өкілдері мен отандық спорт саласының басы-қасындағылар бар. Ал қалған спортшылар 27 шілдеде ұшады. Қазір барлығы Алматыдағы «Ақбұлақ» базасында соңғы дайындықты пысықтап жатыр. Санитарлық талаптар қатаң. Жаңа ерекшеге сәйкес, Токиоға аттанбас бұрын спортшылар мен спорт мамандары 3 рет короновирусқа қатысты тест тапсыруы қажет. Айта кетейік, бұл жолы ұлттық құрама 96 лицензия жеңіп алды. Яғни 95 жерлесіміз 27 спорт түрі бойынша өнер көрсетеді.

Айгүл Бектенова, ҚР МСМ Жазғы спорт түрлері басқармасының басшысы:

– ХОК ковидке қарсы ережелерге сәйкес спортшылар алдын ала карантинге кіргізіледі. «Ақбұлақ» базасында 96 сағат, 72 сағат, 48 сағат алдында ПТР тест тапсырып, одан кейін ғана Токиоға аттанады. Вирусты жұқтырып алмау мақсатында чартерлік рейспен ұшатын болып шешілді.