«Еуро-2020»: Нәсілшілдік Англияда шу тудырды

«Еуро-2020» футбол чемпионатынан кейін Twitter-де Англия құрамасындағы қара нәсілді ойыншылардың ар-намысына тиетін 2 мыңға жуық хабарлама жазылды.

Бұл туралы осы елдің Футбол қауымдастығы мәлімдеді. Әлеуметтік желі қолданушылары пенальти кезінде доп соға алмаған спортшыларды «Команданы ақтық сында жеңіліске әкелді» деп айыптаған.

Тіл зәбіріне тап болған ойыншыларға Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон, Англияның футбол қауымдастығын басқаратын Уильям ханзада мен ұлттық құрама бапкері Гарет Саутгейт жақтасты. Нәсілшіл және қоқан-лоқы жасаған мәлімдемелерге байланысты Лондон полициясы тергеу бастап, пікір авторларын іздеуге кірісті. Аты аңызға айналған спортшы Усэйн Болт «футболда да, қоғамда да нәсілдікке орын болмауы керек» деп мәлімдеді.

Усэйн Болт, жеңіл атлет:

- Бұл деген сұмдық нәрсе. Жүрегім ауырады. Африкалық және қара нәсілді адам ретінде айтарым, бұл дөрекілік. Бұл жігіттерді кінәлауға болмайды. Бұл өте үлкен қысым, түсінесіз бе?! Футболда қазір осындай жағдайдың болып жатқанына сенгім келмейді. Спортты сүйемін, бүкіл ойын бойы осы жігіттерді қарап отырдым, жанкүйері болдым. Спортта бүгін жеңсең, ертең жеңілесің, ең бастысы, жеңілісті де абыроймен қабылдай білу керек.

Ақжүрек жанкүйерлер Англия құрамасының шабуылшысы Маркус Рэшфордтың бейнесі салынған ғимарат жанына жиналды. Олар бұзақылар қорлық сөздерін жазып, бүлдірген суретті қалпына келтірді.