Алматылық «Қайрат» Израильдің «Маккаби» командасын жеңді

Алматылық «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіне шықты, деп хабарлайды Prosports.kz. 

Бірінші кезеңде ел чемпионы израильдік Хайфаның «Маккаби» клубымен кездесті. Хайфада өткен алғашқы матчта 1:1 есебі тіркелген. Сондықтан «Қайратқа» Алматыдағы ойында тек жеңіс қажет болды. 

Матч алаң иелері үшін сәтті басталды. Жаңбыр жауып, алаң ылғал болғанына қарамастан алматылықтар әдемі комбинация ұйымдастырды. 10-минутта айып алаңына асырылған допты Артур Шушеначев кеудесімен Вагнер Лавқа қалдырған - бразилиялық ардагер қақпашыдан айласын асыра алды. 

Кейін Лавтың есепті еселейтін тағы бірнеше мүмкіндігі болған, бірақ жанкүйерлер бірінші таймда одан басқа гол көре алмады. 

Екінші таймда да алаң иелері белсендірек болды. «Маккаби» таразы басын теңестіруге тырысқанымен соққылары көбіне қақпадан биік кетті, кей тұста Стас Покатилов командасын құтқарып қалды. 

66-минутта хайфалықтар айып алаңында оңбай қателесті. Қарбалас сәтте доп әуелеп Айбол Әбікенге жеткен. «Қайрат» жартылай қорғаушысы допты жақын бұрышқа дәл көздеді - 2:0. 

Ойын соңына қарай «Маккаби» ойыншылары қарқынын үдетіп, алаң иелері көбіне қорғаныста ойнады. Тіпті қақтығыс та болды, салдарынан алматылық Сергей Кейлер мен хайфалық Әли Мұхаммед алаңнан қуылды. Бірақ ойын соңына дейін «Қайрат» футболшылары қорғаныста сақ ойнап, қажетті есепті ұстап қалды. 

Осылайша, екі ойынның қорытындысы бойынша 3:1 есебімен жеңген «Қайрат» Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама алды. Бұл кезеңде алматылық клуб сербиялық «Црвена Звезда» командасымен кездеседі.  

Чемпиондар лигасы-2021/22. Іріктеу кезеңі. 1-тур. Екінші матч. 

«Қайрат» – «Маккаби» Х 2:0 (1:0) 

Голдар: Лав 10, Әбікен 66. 

14 шілде. Алматы. «Орталық».

Сондай-ақ...