Ақтауда үстел теннисінен Қазақстан мен Ресей ойыншыларының оқу-жаттығу жиыны өтті

Елімізде қарқынды дамып келе жатқан спорттың бірі – үстел теннисі. Қазақстан құрамасының екі спортшысы алдағы Токио Олимпиадасында бақ сынайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үстел теннисін шындап қолға алған аймақтың бірі – Маңғыстау облысы. Жергілікті спортшылардың шеберлігін шыңдау мақсатында Ақтауда Қазақстан құрамасы мен Ресейдің Орал аймағыннан келген ойыншылар бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Маңғыстау облысы Үстел теннисі федерациясының президенті Ерболат Қожабаевтың бастамасымен жыл басында ел чемпиондарының қатысуымен шеберлік сағаты өткен еді. Енді көрші елдің шеберлерімен сайысқа түсуге мүмкіндік ашылды. Ресей үстел теннисінің өкілдері Еуропада үздіктер қатарына енеді. Қазақстан құрамасы сапынан Сарвиноз Миркадирова, Анель Бақыт, Айдос Кенжеғұлов секілді қыз-жігіттер құрлық мықтыларымен дайындалып жатыр. Екі команда жетекшілері де спортшыларға барлық жағдай жасалғанын айтады. Бірлескен оқу-жаттығу жиыны жергілікті спортшыларға жақсы тәжірибе. Жиын 21 шілдеде аяқталады.

Евгений Тимченко, үстел теннисінен Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері:

- Аймақта үстел теннисін дамыту керек. Жергілікті спортшылар арасында болашағынан үміт күттіретін жастар көп. Сондықтан оларға мүмкіндік жасап отырған жергілікті федерация осы істі жалғастыра беру керек. Екі құраманың бірлескен оқу-жаттығуы ойдағыдай өтіп жатыр. Бұл алдағы жарыстарға дайындық ретінде қарыстырылады.