Қазақстанның олимпиадалық командасы Токиоға аттанды

Қазақстандық спортшылар Токиоға аттанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалыптасқан жағдайға байланысты ұлттық құрама қос чартерлік рейспен жіберілмек. Алғашқысы бүгін түнде жолға шықты. Оның ішінде бокс, дзюдо, каратэ, үстел теннисі, жеңіл атлетика және ату спортының өкілдері бар. Бұған қоса, дәрігерлер, ғылыми-кешенді топ мүшелері және Олимпиададағы Қазақстан Миссиясының өкілдері де осында. Бас-аяғы 128 адам жапон астанасын бетке алды.

Айта кетейік, Елсияр Қанағатов бастаған делегация бірнеше күн бұрын Олимпиада қалашығына жетіп, спортшылар мен делегацияны тіркеді. Ұйымдастыру жағын бақылады. Ұлттық құраманың қалған бөлігі, яғни 43 адам енді 28 шілдеде ұшады.

Қамшыбек Қоңқабаев, бокстан ұлттық құраманың капитаны:

- Аллаға шүкір, көптен күткен Олимпиада ойындары келіп қалды. Жолға, сапарға шыққалы отырмыз. Бізге жанкүйер болыңыздар. Құдай қаласа, ел намысын абыройымен ап келу үшін бар күш-жігерімізді саламыз.

Дмитрий Баландин, ұлттық құраманың мүшесі:

- Бұл Олимпиаданы өте ұзақ күттік. Көңіл-күйіміз жақсы. Жарыстарға тас-түйін дайынбыз. Токио төрінде жақсы өнер көрсетіп, ел абыройын асқақтатуға тырысамыз. Алға, Қазақстан!