Бәйдібек ауданының Шаян ауылында қираған спорт алаңы қараусыз қалды

Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылындағы спорт алаңы 4 ай бұрын желден қирап, қараусыз қалды. 

Түркістан облысының тұрғындары жаттығатын орын таппай жүр. Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылындағы спорт алаңы 4 ай бұрын желден қирап, қараусыз қалды. Бүлінген дүниені жөндеуге әкімдік те спорт басқармасы да асықпайды. Бір-біріне сілтеп, бастарын ала қашады. Салауатты өмір салтын серік еткен бұқара қайтпек?

Спортты серік етіп, бабында жүрген Бидайбек қария наурыз айынан бері жаттығатын орын таппай жүр. Себебі алаңның аянышты жағдайы адам өміріне қауіпті дейді.

Бидайбек Балқыбек, Шаян ауылының тұрғыны:

- Бұл арада азаңғы уақытта кейде жүгіруге, бой жазуға бізден де үлкен қариялар келгенін талай көрдік. Осы күнге дейін аяқ добын ойнаймыз. Енді мына жерде қалай ойнайсың? Ойнамақ түгілі ішіне кірудің өзі қауіпті. Анау құлайын деп тұр. Арасында жүрсең астында қаласың.

Биыл Бәйдібек ауданында ерте көктемде аяз күшейіп, жаңбыр жапты. Төңірек мұздаққа айналып, алай-дүлей жел тұрды. Осының салдарынан спорт алаңының темірлері түбімен қопарылып кетті. Содан бері қирандыға айналған ордаға спорт жанашыры табылмады.

Бақытжан Жұмаділлаев, Шаян ауылының тұрғыны:

- Іздеуі жоқ, сұрауы жоқ спорт болып отыр. Спорттың жайы болып отыр. Ашынып та айтамыз далаға кеткен, желге ұшқан қаржы деп. Шалғайдағы елді мекендерде мұндай спорт алаңшалары кемде-кем. Бар алаңшаның түрі мынау. 

Жүзу бассейні, бірнеше футбол алаңы, орталық стадионы бар кешен 2017 жылы демеушілердің қаржысына салынған. Кейіннен нысанға иелік еткен аудан әкімдігі биылғы жылдың басында оны облыстық спорт басқармасының меншігіне өткізіпті. Соны алға тартқан жергілікті билік көз алдында қирап жатқан дүниені түзетуге құлықсыз. 

Берік Тұрлыбеков, Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі таңда Бәйдібек ауданы әкімдігінің, аудандық дене шынықтыру және спорт мектебінің меншігінде емес. Біз оны қайта қалпына келтіруге, күтіп ұстауға аудандық бюджеттен қаржы қарай алмаймыз.

Ал спорт басқармасындағылар бұл жәйттен тіптен бейхабар болып шықты. Мән-жайды енді біліп, комиссия жасақтауға кірісті.

Жазира Мүслімова, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы:

- Басқармаға ешқандай өтініш түскен жоқ. Тиісті комиссия жұмыс атқаратын болады. Оған қанша қаржы қажет екенін анықтау керек. Содан соң жергілікті немесе облыстық бюджеттен қаржы бөлінетін болады.

Кешен 10 мыңға тарта тұрғыны бар Шаян ауылындағы жалғыз спорт алаңы. Бір шеті қирап, екінші жағы шөбі шүйгін шабындыққа айналған орталық бұқаралық спорттың дамуына тұсау болып тұрғандай. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов

Сондай-ақ...