Бейжіңде қысқы Олимпиада өткізілетін спорт нысандарының басым бөлігі дайын

Қазір Бейжіңде сайыстарды қабылдайтын спорт нысандарының басым бөлігі дайын. Барлық жұмысты қазан айына дейін аяқтау жоспарланған. Бейжіңмен қатар жарыс көрші екі қалада да өтеді. 4 ақпанда Қысқы ойындардың ашылу салтанаты болады. Бұл пандемия кезінде өтетін екінші Олимпиада. Ұйымдастырушылар Токиодағы жазғы ойындардың тәжірибесіне сүйеніп, санитарлық шаралар қабылдайды.

Көп ұзамай Бейжің қаласы Олимпиада ойындарының екі түрін де өткізген шаһар атанбақ. Жазғы Олимпиада 2008 жылы өтсе, қысқы ойындар келер жылдың басына жоспарланып отыр. Осыған байланысты 2022 жылдың басында өтетін дүбірлі додада алдыңғы Олимпиада ойынынан қалған нысандар пайдаланылмақ. 

Ал шаңғы спортына арналған кешендерді жаңадан салуға тура келді. Қарлы тау бөктері Яньцин мен Чжанцзякоу қалаларында орналасқан. Олимпиадаға дайындық барысында елде қысқы спорт түрлерімен шұғылдануға үгіттеп жатыр. Бұл өз кезегінде жарыс өтетін аймақтардың экономикалық дамуына септігін тигізеді.  

Бай Цзяньхай, Чжанцзякоу қаласы қысқы спорт түрлеріне құрал-жабдық жасау аймағы жетекшісінің орынбасары: 

- 2015 жылы қысқы Олимпиаданы өткізу құқығын ұтып алғаннан кейін Чжанцзякоу қаласында қысқы спорт түрлерін қарқынды дамыта бастады. Оған қажетті құрал-жабдық шығару мен қызмет көрсету салалары және туризм де алға басты. Ел басшылығы қысқы спорт түрлерімен шұғылданатын адамдар санын 300 миллионға дейін жеткізуді тапсырды. Біздің қалаға жыл сайын 3 миллиондай адам коньки мен шаңғы тебуге келіп жүр.  

Олимпиада 4 ақпанда қытайлық Жаңа жыл тойлау кезінде басталады. Жарысқа үш мыңдай спортшы қатысады. Ойынға дайындық кезінде жаңа технологиялар кеңінен қолданылып жатыр.   

Сяо Цзюньфэн, Бейжің қысқы Олимпиада ұйымдастыру комитетінің насихат бөлімі жетекшісінің орынбасары: 

- Шаңғы нысандарының құрылысы аяқталғаннан кейін барлық ағаш пен өсімдікті қайта ектік, жануарлар үйреншікті мекеніне қайта алатындай арнайы жолдар салдық. Мұз айдыны үшін көмірсутегі аз арнайы жаңа технологияларды қолдандық. Бұл парник газдарын ауаға шығармауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ кешендердің барлығы 100 проценттік жасыл электр энергиясынан қуат алады. 

Ұйымдастырушыларды пандемия ғана алаңдатып отыр. Қытайда қазір тек сырттан әкелінген коронавирус тіркеліп жүр. Дегенмен, Олимпиада жергілікті эпидемиологтар үшін нағыз сынақ болмақ.  

Чэнь Жунцинь, Бейжің қысқы Олимпиада ұйымдастыру комитетінің жоспарлау мен құрылыс бөлімінің өкілі:

- Әзірге қысқы ойындар үшін індетке қарсы нақты шаралар дайын емес. Токиодағы Олимпиада тәжірибесіне сүйеніп, Бейжің ойындарының ұйымдастыру комитеті Халықаралық Олимпиада комитетімен бірлесіп нақты шаралар әзірлейтінін күтіп отырмыз. Әрине ол әр нысанда жергілікті жағдайға сай бейімделеді. Мәселен, адамдар арасындағы әлеуметтік арақашықтық.

Бейжің 2015 жылы Алматымен ақ Олимпиадаға таласты. Шешуші сында Қысқы ойынды өткізу құқығын жеңіп алды. Енді кешенді сайысты сәтті өткізуге бар күшін салып жатыр. 2008-жылы Олимпиаданы алғаш рет өткізгенде Қытай дамушы мемлекет саналса, қазір әлемнің екінші ірі экономикасына айналды.

Ботагөз Сырғабаева