Гвинея құрамасы Олимпиада ойындарына қатысудан бас тартты

Бұл елдің спортшылары Токиоға бармаған, деп жазады «Хабар 24».

Гвинеяның олимпиадалық құрамы Токио олимпиадасына қатыспайтын болды.

Africaguinee мәліметінше, Гвинеяның спорт министрі Санусси Бантама Соу Гвинеяның Олимпиада комитетіне елдің төртжылдықтың бас додасына қатыса алмайтыны туралы ресми хат жолдаған.

Мұнысын ол Токиода коронавирусқа қатысты жағдайдың ушығып кетуімен түсіндірген.

«Билік COVID-19-ға байланысты, спортшыларымыздың денсаулығын ойлай отырып, команда Токиодағы Олимпиада ойындарына қатыспайды деген шешім қабылдады», ­– делінген хатта.

Ал дереккөз ақпарынша, Гвинеяның Олимпиадаға қатысудан бас тартуының себебі басқада ­– ел бес спортшының Жапонияға барып-келуіне кететін шығындарды өтеуге қауқарсыз.

Гвинеядан Олимпиадаға мына спортшылар баруы керек еді: Фатумата Яри Камара (еркін күрес), Мамаду Самба Ба (дзюдо), Фатумата Ламарана Туре, Мамаду Таиру Ба (екеуі де ­– жүзу) және Аиссата Деэн Конте (100 метрге жүгіру).

Олимпиада ойындары 23 шілдеде басталып, 8 тамызда аяқталады.