Токио-2020: байрақты бәсекеде 7 теннисшіміз бақ сынайды

Токио олимпиадасында өнер көрсететін теннисші қыз-жігіттеріміздің де қарсыластары белгілі болды.

Бұл сынға 7 отандасымыз қатысады. Олар осы күні Жапония астанасында тыңғылықты дайындалып жатыр.

Қазақстанның бірінші нөмірлі теннисшісі Александр Бублик алғашқы сында ресейлік Даниил Медведевпен күш сынасады. Ал Михаил Кукушкинге аргентиналық Федерико Кория қарсылас атанады. Жұптық сында да тартысты матчтар көп. Бұл бәсекеде Александр Бублик пен Андрей Голубевге сенім артылады. Екі отандасымыз бірінші айналымда франциялық Гаэль Монфис пен Жереми Шардидің шеберлігін байқайды.

Александр Бублик, теннистен ұлттық құрама мүшесі:

– Мен кез келген жарыс алдында қандай да бір мақсат қойғым келмейді. Өз-өзіме ондай ауыр жауапкершілік артпаймын. Мүмкіндігімше күш сынасып, бағымды сынап көремін.

Әйелдер арасында Елена Рыбакинаның мүмкіндігі жоғары. Бұл жарысқа тыңғылықты дайындықпен келген. Оның үстіне, таяуда Ролан Горос пен Уимболдан бәсекелерінде жақсы өнер көрсетті. Ол Токиода ең алдымен Австралияның Саманта Стосур есімді спортшысымен жолығады. Юлия Путинцева Аргентинаның тағы бір үміті Надья Подоросканың осал жерін іздейді. Ярослава Шведова болса, австралиялық Айла Томляновичпен, ал Зарина Диас чехиялық Барбора Крейчиковапен кездеседі.

Юрий Польский, ҚР Теннис федерациясының вице-президенті:

Елена Рыбакина жақсы бабында. Жекелей сындарда жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Жапонияға барар алдында тыңғылықты дайындалды. Жергілікті климатқа да бой үйретіп алды.

Теннисшілер Жапония астанасына бірнеше күн бұрын барды. Жарыс 24-ші шілде күні басталады. Біздің құрама микст, яғни аралас сында да бақ сынайтын мүмкіндікке ие.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы

 

Сондай-ақ...