Токио Олимпиадасының төңірегінде наразылық басылмай тұр

Төрткүл дүние көз тігіп, жаһан жұрты тақымын қысқан Олимпиадаға наразылар да бар. Жазғы ойындардың ашылу салнатына санаулы сағат қалғанда, бір топ азамат шеруге шықты. Қазір Олимпиада өткізетін уақыт емес, адам баласын құтқаратын кез, дейді олар. Сөйтіп шеруші жұрттың уәжі не, олар неге алаңдайды? 

Токиода дүбірлі дода – жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанды. Бірақ жергілікті жұрттың бұл жарысқа деген көзқарасы әлі де екіұшты. Бір топ азамат бүгін Олимпиаданың індет уақытында өтуіне, оған кеткен қаржыға қатысты наразылық танытып, шеруге шықты. Мэрия алдына жиналғандар «Олимпиада өткізгенше елге қарайласыңдар» деп ұрандатты.

Айта кетейік, Токиодағы ойындарға жапон билігі шамамен 15 жарым миллиард доллар жұмсады.

Халықтың алаңдаушылық танытуы бекер емес. Өткен тәуліктің өзінде жапон жерінде 1979 азамат вирус жұқтырды. Бұл қаңтардан бері болмаған көрсеткіш. Қауіпті инфекцияға шалдыққандар қатарында спортшылар да бар. Әлі күнге дейін вакцина алмаған атлеттер де жетерлік. 100-ге жуық американдық спортшы екпе салдырмаған.

Жапон жеріне жиналған споршылар ПТР тестілеуден бөлек допинг бақылаудан өтеді. Тиісті агенттік алдағы уақытта Олимпиадаға қатысушылардың бәрін тексеріп шықпақ. Әсіресе АҚШ, Ресей мен Қытай командалары жіті назарда болады.

Бенджамин Коэн, ITA Бас директоры:

- Тыйым салынған препараттарды қабылдайтындарды анықтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Негізгі міндетіміз де осы. Өйткені Олимпиада ойындарының әділ өткені аса маңызды.

Ресейлік садақшы Светлана Гомбоева Токиодағы Олимпиада ойындарының іріктеу кезеңінде есінен танып қалды. Спортшының аяқ астынан құлап қалуына аптап ыстық себеп болған. Оқиғаға байланысты ресейлік садақшыға АҚШ, Италия мен Ұлыбритания құрамаларының дәрігерлері алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Дәрігерлердің айтуынша, Гомбоеваның жағдайы жақсы. Жарысқа қатыса алады. 

Осындай оқыс жағдайлармен басталған Олимпиаданың қызығы әлі алды. Ал жарыстар бұдан екі бұрын басталып кеткен.